Кезек, айқай мен шағым: Исабаев "Қорғасты" ретке келтіру туралы пікір білдірді

Ғалиасқар Думан

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев "Қорғас" Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығына (ХШЫО) байланысты шағымдарды түсіндірмек болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ашық дереккөз

МӘН-ЖАЙЫ

Әлеуметтік желілерде "Қорғастан" түсірілген даулы видеолар жиі пайда болып тұрады. Адамдар кезектің көптігіне, алыпсатарлыққа және ұйымдастырудың жоқтығына шағымданады.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай шекарасында көлік кептелістері жиі тіркеледі. Ulysmedia тілшісі облыс билігі бұл мәселені қалай шешіп жатқанын сұраған.

ӘКІМ ЖАУАБЫ

Облыс басшысы шекарадағы мәселелер электронды кезек жүйесінің ақауына байланысты екенін айтты:

– Желтоқсан айынан бері ешқандай кезек болған жоқ. Бұл жаз кезінде болған. Егер сіз "Қорғас" бағыты туралы айтсаңыз, онда ол жерде көлік және сауда министрліктері Қытай тарапының көлік және сауда министрліктерімен бірге рұқсат бланкілерін өзара алу бойынша электрондық жүйемен жұмыс істейді. Кейде бұл жүйеде ақау болады. Егер бір күн істемесе, белгілі бір мөлшерде көліктер жиналып қалады.

Біз автокөлік өткелінің өткізу қабілетін арттырып жатырмыз. Кеден және шекара қызметтері облыс әкімінің қарауында емес. Сізге сенімді түрде айта аламын: қазір ешқандай кептеліс жоқ, – деді әкім.

Бүған дейін Исабаев инвесторлар Қорғасқа келуден не себепті қорқатынын айтқан.

АНЫҚТАМА

"Қорғас" – Қазақстан мен Қытай арасындағы маңызды сауда рөлін атқаратын ірі шекаралық бекет. Онда Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы, сондай-ақ көлік және логистика хабтары орналасқан.

Еске сала кетейік, бұған дейін "Қорғастағы" сегіз жасырын казино анықталған болатын. Қыркүйек айында ХШЫО-ның бұрынғы басшысы 9 айға сотталған еді.

Қазан айында Мемлекеттік кірістер комитеті кезекке қатысты манипуляциялардың алдын алу үшін CarGoRuqsat жүйесіне биометриялық тұлға сәйкестендіруді енгізу туралы шешім қабылдағанын хабарлады.