Думан Мұхамедкәрімді этаппен Қызылордаға әкетті

Аян Өрібай

Талдықорғандағы тергеу изоляторында жатқан журналист Думан Мұхамедкәрімді этаппен Қызылордаға әкетті. Ақпаратты Ulysmedia.kz порталына оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов айтты. 

Ulysmedia коллажы

АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ

– Иә, этаппен жіберді. Қай жаққа жеткенін білмеймін. Ол бір аптадан кейін белгілі болады. Мен бұған дейін Думанды Заречныйға жіберу жөнінде өтініш білдірген едім. Бірақ біздің өтінішімізді орындаудан бас тартқан сыңайлы. Кеше кешке ол туралы хабарлама келді, – деді адвокат 

Адвокаттың айтуынша, заң бойынша Думан Мұхамедкәрім өзі тіркелген өңірде жазасын өтеуге тиіс болған. 

ДУМАН МҰХАМЕДКӘРІМ

Бұған дейін адвокат Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхамедкәрімді Талқықорғанда тергеу изоляторының карцеріне қамап, Мұхаммедкәрім екі мәрте денесін тілгеннен кейін камераға ауыстырғанын айтқан. Думан құқығы тапталғанына наразылық ретінде аштық жариялағанын да жеткізген.

Қонаев қалалық сотының үкімімен биыл тамызда журналист жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім бойынша сонымен бірге, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналыса алмайды. Оған “экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп айып тағылған еді. 

Алматыда бұған дейін «Саяси тұтқындар: Аштық азаптау мен қысымға қарсы соңғы шара» тақырыбымен өткен баспасөз конференциясында құқыққорғаушылар журналистің жай-күйі жайлы айтқан болатын.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы журналист Думан Мұхамедкәрімге қарсы істі тоқтатуға шақырған.