Қазақстанның Павлодар облысы мен Ресейдің Омбы облыстары арасындағы шекарада ұшақ артып алған МАЗ жүк көлігі ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп, екі мақсаттағы жүктерді – АН-2Т ұшағын тасымалдау фактісін анықтады.
«Амангелді автомобиль өткізу пунктінде (РФ Омбы облысымен шекаралас) МАЗ 54323 автокөлігін тексеру барысында салмағы 3 тонна 600 келі болған АН-2Т ұшағын тасымалдау фактісі анықталды. құны 1 800 000 ресей рублін құрады», деді сенбі күні Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экспорттық бақылау басқармасының басшысы Мақсұт Қаңтарбаев.
Азамат М. ұшақты жеке пайдалануы мақсатында аукционнан сатып алған. Оның шекарадан өту кезінде нақты тауарды сәйкестендіру туралы қорытындысы болмаған (нақты тауарды азаматтық және әскери мақсатқа жатқызуға болады).
Павлодар облысы Ертіс аудандық сотының қаулысымен М., ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 50 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.