Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Ресей Еуропалық Одақтың қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеу заңсыз миграция мен басқа да мәселелерді ЕО-ны әлсірету үшін қолдануы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
ФИНЛЯНДИЯДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Өткен демалыс күндері Финляндияда Италия, Швеция және Грекия көшбасшылары, сондай-ақ ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі өкілінің қатысуымен кездесу өтті. Бұл жиында Еуропадағы қауіпсіздік пен миграциялық мәселелер талқыланды.
Мелонидің айтуынша, Украинадағы қақтығыс аяқталғаннан кейін де Ресейден келетін қауіп жойылмайды.
«Біз демократиямызға, қоғамдық пікірімізге әсер ету, Африкадағы жағдай, шикізат және миграцияны құрал ретінде пайдалану мәселелеріне тап боламыз. Бұл қауіпсіздіктің өте кең ұғым екенін түсінуіміз қажет,» – деді ол.
ЕО ШЕКАРАЛАРЫН ҚОРҒАУ
Мелони ЕО-ны өз шекараларын қорғау үшін көбірек шара қолдануға және Ресей немесе кез келген «қылмыстық ұйымның» заңсыз мигранттар ағынын басқаруына жол бермеуге шақырды.
ЕО-ның кейбір мүшелері, соның ішінде Финляндия мен Эстония, Ресейді Таяу Шығыс және басқа елдерден келген заңсыз мигранттарды тиісті тексерусіз ЕО елдеріне кіргізіп, қауіпсіздікті әлсіретіп жатыр деп айыптады. Мәскеу бұл айыптарды жоққа шығарады.
Мелонидің пікірінше, Ресейден келетін қауіп тек әскери әрекеттермен шектелмейді. ЕО-ның қауіпсіздігі демократияға, қоғамдық пікірге, миграция мен экономикалық тұрақтылыққа байланысты әртүрлі салаларда сыналып жатыр. Еуропалық Одақ бұл қауіптерге қарсы тұру үшін бірігіп әрекет етуі қажет.