Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан футбол федерациясының жаңадан сайланған президенті Марат Омаровтың Орталық сайлау комиссиясының экс-төрағасы Берік Имашевке туыстық қатысы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлысмедиа тілшісі министр назарын жақында тағайындалған футбол федерациясының президентін ОСК-ның бұрынғы төрағасы Берік Имашевтің күйеу баласы деген жұртшылық аузындағы сөзге аударды. “Бұл этикаға қаншалықты сай және бұл мәселе алдын ала шешіліп қойған деген әңгімеге қандай пікір айтасыз?” деген тілші сұрағына Е.Мырзабосынов төмендегідей жауап қатты.
– Федерация жеке қоғамдық ұйым болғаннан кейін, оның әр өңірден құралған арнайы комиссия мүшелері бар. Барлық сатыларды қарастырады. Бүгінгі критерийлерге сай, туыстық тұрғысынан емес, кәсіби мәселелері бойынша қарастырған шығар. Бұл шараға мен өзім де қатыстым. Презентациялар болды, үш азамат қатысты. Біз де жан-жақты қарап отырмыз. Әрине, бұл жерде ең маңызды талап – балалар футболынан бастап, үлкен футболға дейінгі жүйені қалыптастыру. Біз бұл спортқа жеке көңіл аударамыз. Және де федерация басшысы тағайындалғанымен, ондағы жұмыс ауқымын тек қана президенттің бір өзі атқару оңай емес. Ол жерде арнайы менеджерлер болады. Сырт елдерден де менеджелер шақырту талабын қойып отырмыз. Әр өңірде балалар футболмен қаншалықты сапалы айналысып жатқанын мониторингтік топ қарап, жұмысын жалғастырып жатыр, – деді министр.
Еске сала кетсек, Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті болып Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров сайланды.