Қазақстандықтар да бар. Апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының тізімі шықты

Ғалиасқар Думан

Baza телеграм арнасы Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ бортында болған адамдардың толық тізімін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 

Коллаж Ulysmedia.kz

Жарияланған ақпаратқа қарағанда бортта қазақстандықтар да болған. Ұшақтағы жолаушылардың денін Әзербайжан азаматтары, одан кейін Ресей, Тәжікстан, Қырғыстан азаматтары құрайтыны айтылады.

Телеграм арна 62 жолаушының толық аты-жөнін жариялады.

Ал Қазақстанның көлік министрлігі бортта 37 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болғанын мәлім етті.
 

ҰШАҚ АПАТЫ ЖАЙЛЫ

Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында ұшақ құлаған еді. Оқиға орнынан видео желілерде тараған. Кадрларда ұшақ күрт биіктігін жоғалтып, құлап бара жатқаны көрінеді. Оқиға орнына арнайы қызметтер жеткен. Оқыс оқиға Сайын Шапағатов ауылында болғанын хабарланды. Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі ұшақ Баку қаласынан Грозныйға бағыт алғанын мәлім етті.

Көлік министрлігінің Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

Қолда бар ақпарат бойынша ұшақ апатына оның құсқа соғылып, рульді басқаруда туған қиындық себеп болған.

Желтоқсанның аяғы қазақстандықтар үшін ірі ұшақ апатын еске салады да тұрады. Биыл Алматыдағы Bek air Fokker 100 ұшағының құлағанына 5 жыл болады. Астанаға бет алған Z92100/BEK2100 нөмірлі ішкі рейс әуе көлігі көтерілмей жатып оң жаққа күрт қисайып, артқы жағы бірнеше рет жерге тиіп, бетон қоршауды бұзған күйі әлі салынып бітпеген екі қабатты үйге соғылған.

Қайғылы жағдайдан 1996 шығарылған ұшақтағы 98 адамның 12-сі қаза тапқан.