Ақтау әуежайы маңындағы ұшақ апаты орнына алғаш сол тұста жұмыс істеп жүрген энергетиктер көмекке келгені айтыла бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Олар 15 адамды сыртқа шығарып, ажалдан арашалап қалған.
Lada.kz-тің хабарлауынша, оқиға орнына ең әуелі "Маңғыстау электр тарату компаниясы"АҚ энергетиктері барған. Олар сол маңдағы 30 шақырым жерде орналасқан Сайын Шапағатов ауданындағы қосалқы стансада жұмыс істеп жүрген. Солардың жедел көмегінің арқасында ұшақтың құйрық жағында болған 15 шақты адам құтқарылған. Сонымен қатар олар жедел жәрдем келгенше зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп үлгерген.
Сондай-ақ осы қайғылы оқиғаға байланысты қаладағы жаңажылдық шырша жағу шарасы өтпейтіні белгілі болды.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Олар бүгін өтуге тиіс болған рәсім кейінге қалдырылғанын жеткізді.