«Бұл жолы қызым оралмады»: ұшақ құлар алдында бәрін тыныштандырған бортсерік көз жұмды

Сырым Қаржас

Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза болғандардың арасында 33 жастағы әзербайжандық Хокума Әлиева бар. Ол ұшақ құлап бара жатқанда бәрін сабырға шақырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы apa.az басылымына сілтеме жасап.

Ulysmedia коллажы

Бортсерік Хокумы Әлиева 33 жаста еді. Ол AZAL компаниясында 9 жылдан бері жұмыс істеген. 

– Стюардесса Хокума Әлиева ұшақ құлап бара жатқанда “бәрі жақсы болады” деп бәрін тыныштандырған, – дейді басылымдар.

Хокума 6 жасына дейін Ресейде оқыған. Әзербайжанға оралғаннан кейін заңгер мамандығын бітірген. 

– Ол өте мейірімді еді. Көп елде болған. Менімен мақтансаңдар болды дейтін. Бір күні сапардан келген бетінде ұшақтары құлай жаздағанын айтқан. ...Бірақ бұл жолы менің қызым оралмады, – дейді марқұмның әкесі. 

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.

29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.

Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.