Ұшақты Ресей күштері шатасып атып жіберген болуы мүмкін – неміс басылымы

Ғалиасқар Думан

Германиялық BILD басылымы Ақтау маңындағы ұшақ апатының ықтималды нұсқаларын қарастырып көрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

BILD

МӘН-ЖАЙЫ

Басылым апаттың себебі ретінде қаралып жатқан нұсқалардың бірі – ресейлік әуе қорғаныс жүйелерінің әрекеті, олар кездейсоқ ұшаққа зақым келтіруі мүмкін дегенді айтады.

«Ұшақ Бакуден Грозныйға бағыт алған. Әуе кемесі Ресей шекарасын кесіп өткеннен кейін радардан жоғалып кетті. Шамамен бір жарым сағат өткен соң, қатты зақымдалған ұшақ Қазақстан аумағында пайда болды. Апатты қону сәтсіз аяқталып, ұшақ жерге соғылды. Жолаушылардың жартысына жуығы тірі қалды.

Дереу Әзербайжан билігі, Ресейге достық пейіл танытқан түрде ұшақтың құлау себебі құс үйірімен соқтығысқанмен байланысты болу мүмкін екенін мәлімдеді. Осыдан кейін ұшақта оттегі баллоны жарылған деген болжам айтылды.

Алайда жарияланған видеолар мен фотосуреттер ұшақтың құйрық бөлігінде жүздеген ұсақ тесікше бар екенін көрсетеді» делінген BILD хабарламасында.

Одан бөлек басылым әуе сарапшысы Якоб Верттың сөзін ұсынған.

«Біз Әзербайжан ұшағының құйрығында көріп отырған іздер жай ғана апаттың нәтижесі емес. Көптеген ұсақ тесікшелер – бұл сыртқы соққының айқын белгісі», – дейді ол.

«ҚОРҒАНЫС ЖҮЙЕСІ БЕЛСЕНДІ ІСТЕП ТҰРҒАН»

Неміс медиасы Бакуден Грозныйға бет алған рейстің қонуы кезінде Ресей әуе қорғаныс жүйелері белсенді жұмыс істеп тұрғанын жазды.

«Атап айтқанда, Грозныйдан 20 шақырым оңтүстікте орналасқан Шали қаласындағы видеокадрларда ресейлік зениттік зымыранның украиндық ұшқышсыз-камикадзе ұшағын атып түсіргені көрінеді.

Болжамдардың бірі бойынша, ресейлік әскери қызметкерлер Әзербайжан ұшағын украиндық ұшқышсыз ұшақпен шатастырып, оған зениттік зымыраннан атқан болуы мүмкін» деп болжанған жариялымда.

Бұған дейін Настоящее время басылымы ұшақ ресейлік зениттік зымыран кешендері соққысының салдарынан апатқа ұшырады деген нұсқа қаншалықты рас я өтірік екені туралы материал жариялаған.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.

29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.

Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.