Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты әзірге ресми нұсқа жоқ болғанымен, әлемдік медиа түрлі сарапшыларды сөзге тартып, апаттың себебін іздеуге қызу кірісіп кетті. Ulysmedia.kz шолып шыққан әлемдік жетекші баспасөз құралдарының тұжырымы оқиға желісін Ресейге апарып тірейді.
Бұл тақырыпқа алғашқылардың бірі болып жазған басылым ұшақ ресейлік зениттік зымыран кешендерінің соққысының салдарынан апатқа ұшырады деген нұсқа қаншалықты рас, қисыны қандай деген сұрақтарға жауап іздеген.
Басылым пікір алған әскери аналитик Ян Матвеев бұл оқиғаға «Панцирь-С1» кешенінің кіші зенитті зымыраны қатысуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, ұшақтың құйрық бөлігіндегі зақымдар зенитті ракетаның ұшаққа сырттан соққы беруінен болуы ықтимал. Бірақ дәл қазір бұл нұсқаны 100% растайтын ақпарат жоқ.
AeroDynamic Advisory консалтингтік компаниясының аналитигі Ричард Абулафия Reuters агенттігіне:
«Құстармен соқтығыс әдетте ұшақтың жақын маңдағы ашық далаға қонуына әкеледі. Бірақ бұл жағдайда ұшақ өте ұзақ қашықтықты ұшып өтті», – деген.
Авиациялық сарапшы Роман Свитан ұшақтың зенитті зымыранмен зақымдалғанын растау мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, ұшақтың ішіндегі креслолар зақымдаушы элементтердің іздерін сақтауы керек, бұл элементтер ЗЗК түрін анықтауға көмектеседі.
Flightradar деректеріне сәйкес, ұшақ апат алдында биіктігін жоғалтып, қайтадан көтеріліп отырған. Свитан мұны ұшақтың басқару жүйелері, атап айтқанда гидрожүйе немесе электр жүйелері зақымданғанын білдіреді деп түсіндіреді.
Euronews Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын сәнімді түрде мәлімдеді,
Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазды
“Дереккөздер мәліметінше, зымыран Грозный үстінде дрондарға қарсы шаралар кезінде 8432 рейсіне бағытталған, зымыран ұшаққа жақын жерде жарылып, оның сынықтары жолаушылар мен экипаж мүшелеріне тиген” делінген хабарламада.
Үкімет өкілдері Euronews-ке берген мәліметте, зардап шеккен ұшақтың ұшқыштары авариялық қону жасауға рұқсат сұрағанына қарамастан, Ресей әуежайларында қонуға мүмкіндік берілмегенін және ұшаққа Каспий теңізі арқылы Қазақстанның Ақтау қаласына қарай ұшуға бұйрық берілгенін айтқан.
Сондай-ақ ұшақтың GPS навигациялық жүйелері теңіз үстінде ұшу барысында толықтай бұғатталғаны хабарланды.
Неміс басылымы ұшақты Ресей күштері шатасып атып жіберген болуы мүмкін деген тұжырым келтіріп, әуе сарапшысы Якоб Верттың сөзін ұсынған.
«Біз Әзербайжан ұшағының құйрығында көріп отырған іздер жай ғана апаттың нәтижесі емес. Көптеген ұсақ тесікшелер – бұл сыртқы соққының айқын белгісі», – дейді ол.
Неміс медиасы Бакуден Грозныйға бет алған рейстің қонуы кезінде Ресей әуе қорғаныс жүйелері белсенді жұмыс істеп тұрғанын жазды.
«Атап айтқанда, Грозныйдан 20 шақырым оңтүстікте орналасқан Шали қаласындағы видеокадрларда ресейлік зениттік зымыранның украиндық ұшқышсыз-камикадзе ұшағын атып түсіргені көрінеді.
Болжамдардың бірі бойынша, ресейлік әскери қызметкерлер Әзербайжан ұшағын украиндық ұшқышсыз ұшақпен шатастырып, оған зениттік зымыраннан атқан болуы мүмкін» деп болжанған жариялымда.
Reuters агентті Әзербайжандағы әуе апатын тергеу барысымен таныс бір дереккөзге сілтеп ұшақ ресейлік «Панцирь-С» әуе қорғанысы жүйесімен атылғанын хабарлады. Дереккөздің айтуынша, ұшақ Грозныйға жақындаған кезде радиоэлектрондық күрес жүйелері арқылы байланысы істен шығарылған.
«Бұл қасақана жасалған деп ешкім мәлімдеме жасап отырған жоқ. Алайда, анықталған деректерді ескере отырып, Баку ресейлік тараптан әзербайжандық ұшақты атып түсіргенін мойындауды күтеді», – деді дереккөз.
Sibylline консалтинг компаниясының өкілі ВВС-ге Джастин Крамп әуе қорғанысы саласының сарапшылары ұшақтың ішкі және сыртқы зақымдану сипаты оның апатқа ұшырауына Грозныйдағы ресейлік әуе қорғанысы жүйелерінің әрекеті себеп болуы мүмкін деген болжамын жеткізген.
«Егер жарықшақтардың таралу үлгісіне қарасақ, бұл зениттік зымыранның ұшақтың артқы және сол жақ бөлігінде жарылғанына өте ұқсайды», – деді ол BBC Radio 4 эфирінде.
Басылым америкалық дереккөзге сілтеме жасап, Ресей Рождествода Қазақстанда апатқа ұшыраған «Әзербайжан авиакомпаниясының» ұшағын атып түсірген, деп хабарлады. Сондай-ақ The Telegraph әзербайжандық AnewZ жаңалықтар сайтының мәліметін де келтірген. Ол жерде Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздер ұшақ Грозныйға жақындап келе жатқанда Ресейдің «Панцирь-С» зениттік зымыран кешенімен шабуылға ұшырағанын хабарлаған.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.