Аман қалған тағы бір бортсерік сырттан жасалған соққы болғанын ашық айтты

Ғалиасқар Думан

AZAL («Азербайжан әуе желілері») компаниясы Embraer E-190 ұшағының бортсерігі Зульфугар Асадов 25 желтоқсанда Ақтау маңында болған апаттың егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. APA TV-ге сілтеме жасап.

 

Фото: media.a

ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ

Асадовтың айтуынша, Грозныйға ұшқан рейс кезінде төтенше жағдай ұшақ апаттық қону жасағанға дейін басталған.

«Біз Грозныйға таңғы сағат 8-де ұшып кеттік. Қону кезінде әуежайды қалың тұман басып тұрды. Капитан қонуға кірісіп, төмендегенімен, нашар көрініс салдарынан қайта көтеріліп, екінші айналым жасады. Бірақ екінші және үшінші әрекеттер де сәтсіз болды», – деп баяндады Асадов.

Оның сөзінше, соңында ұшқыш жақын маңдағы әуежайға бағыт алуға шешім қабылдаған.

«Дәл осы сәтте ұшақ сыртынан белгісіз бір дыбыс естілді. Мен бірден әріптесім Айдан Рагимлимен бірге жолаушылар бөліміне шықтым. Жолаушылар арасында дүрбелең басталғанын көрдік...», – деді бортсерік.

Бірақ Асадовтың айтуынша, олар жағдайды бақылауға ала алған.

«Біз жолаушыларды тыныштандырып, алаңдауға негіз жоқ екенін айтып, орындарына отырып, белдіктерін тағуды сұрадық. Сол сәтте сыртқы соққыдан қолымды жарақаттап алдым. Қолымды сүлгімен таңып, қанды тоқтаттым. Айдан маған көмектесті. Біз өз орындарымызға оралдық. Командир қонатын орынды су бетінен жерге ауыстыруға шешім қабылдады. Өйткені ұшақ қозғалтқышы істен шыққан еді. Су бетіне қатты қону кезінде ұшақ бөлшектеніп кетуі мүмкін еді, себебі, менің білуімше, жоғары жылдамдықта су бетоннан да қатты болады. Командир шешімін өзгертіп, жерге бағыт алды. Біз және жолаушылар нұсқаулыққа сәйкес әрекет еттік» – деді ол.

АПАТ СЕБЕБІ

Зульфугар Асадов ресейлік кей БАҚ-та жарияланған, ұшу кезінде оттегі баллоны жарылды деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұл шындыққа жанаспайды. Егер оттегі баллонымен қандай да бір мәселе туындаса, ұшақ жарылып кетер еді. Сондай-ақ, жолаушылар газ баллонын бортқа алып кірді деген ақпарат та жалған. Жолаушылар отырғызу кезінде толық тексерістен өтеді. Бұл қайғылы жағдай ұшаққа сыртқы әсерден туындады» – деді ол.

АПАТ СӘТІ

Асадовтың айтуынша, апатқа дейін ұшақ шамамен бір сағат әуеде болған. Ұшқыштар ұшақты басқаруды жоғалтпай, қону мүмкіндігін жасау үшін бар күшін салған.

«Менің ойымша, алдымен ұшақтың алдыңғы шассиі жерге тиді. Егер бірден алдыңғы және артқы шассилер бір мезетте тигенде, ешкім тірі қалмас еді. Алдыңғы шасси жерге тигенде ұшақ екіге бөлініп, алдыңғы кабина ажырап кетті», – деді Асадов.

Ол жарақат алғанына қарамастан есін жоғалтпаған, бірақ тыныс алу қиын болғанын жеткізді.

«Мен есікке жақын жерде Айдан Рагимлимен бірге жаттым. Есік ашылғаннан кейін ауа кіріп, тыныс алу жеңілдеді. Біз жолаушыларды сыртқа шығаруға көмектестік. Шыға салысымен құтқарушыларды шақырдым, өйткені қолымнан жарақат алып, күшім таусылды. Оларға тірі қалған жолаушыларды құтқаруға көмектесуді сұрадым. Оларға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамын», – деді бортсерік.

АЛҒЫС

Асадов өз өмірін сақтап қалған командир мен екінші ұшқыштың батылдығы мен кәсібилігін ерекше атап өтті:

«Бізді командиріміздің батырлығы құтқарып қалды. Өкінішке орай, экипаж мүшелері мен кейбір жолаушылардың бұлай жол болмады» деді ол.

Бұған дейін ұшақтың тірі қалған тағы бір бортсерігі Грозныйдың үстінде жарылысты, соққы жасалғанын сезгенін мәлім еткен.

EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН

Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазып жатыр.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.