Шешенстан Республикасының билігі 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау облысында Баку-Грозный бағытында ұшқан Embraer 190 ұшағы апатынан қаза тапқандарды еске алу үшін 28 желтоқсанды қаралы күн деп жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тиісті жарлыққа Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров қол қойды.
«2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ақтау қаласының маңында Баку - Грозный бағыты бойынша ұшатын Embraer-190 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қаза тапқандарға қайғырып, олардың отбасылары мен жақындарына көңіл айта отырып қаулы етемін: Шешен Республикасының аумағында 2024 жылғы 28 желтоқсанда қаралы күн жариялансын», делінген құжат мәтінінде.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазып жатыр.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.