Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей Грозныйда қылмыстық іс қозғады – Кремль

Сырым Қаржас

Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз қызметі ресми мәлім етті.

“Ресейдің Тергеу комитеті ҚК 263-бабы (Әуе көлігін пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Бастапқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, азаматтық және әскери мамандардан жауап алынып жатыр” деп жазды Кремль.

Сонымен қатар Кремльдің баспасөз қызметі қазіргі таңда Әзербайжан Бас прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда жүргенін және олар Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы мен Тергеу комитетінің өкілдерімен бірге жұмыс істейтінін хабарлады.

Еске сала кетсек, Ресей президенті өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, көшбасшылар AZAL жолаушылар ұшағының апатын талқылаған. Сондай-ақ Путин қайғылы оқиғаның ресейлік әуе кеңістігінде болғанына өкініш білдіріп, кешірім сұраған.

EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН

Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазып жатыр.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.