Канадада жолаушылар ұшағы қону кезінде өртке оранды

Сырым Қаржас
© Х / sentdefender

Канадада PAL Airlines әуе компаниясының ішкі рейспен бара жатқан жолаушылар ұшағы Галифакс-Стэнфилд халықаралық әуежайына шұғыл қонды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz шетел БАҚ-тарына сілтеме жасап.

Канадада ішкі рейсті орындайтын PAL Airlines ұшағы Галифакс-Стэнфилд халықаралық әуежайына шұғыл қонған кезде бір бөлігі өртке оранды. Бұл оқыс оқиғаға шассидегі ақау себеп болуы мүмкін.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ұшақ ұшу-қону жолағында бір жағына жантайып сырғанап бара жатқаны, содан кейін қанаты жағынан өрт шыққаны көрінеді.

CBC News хабарлағандай, оқиға жергілікті уақыт бойынша сенбі күні сағат 21.30-да болған. Сент-Джонс қаласынан Галифаксқа ұшқан әуе лайнері үлкен салмақпен қонған. Фюзеляждың сол жағы түтіндеп, ұшақтың бір бөлігі өртеніп кеткен.

Жолаушылардың бірі Никки Валентиннің айтуынша, шассидің ақауы салдарынан қанат ұшып-қону жолағына тиіп, содан кейін өрт шыққан.

Әуе кемесінде 80-ге жуық жолаушы болған. Барлық жолаушылар эвакуацияланып, дәрігерлердің қарауынан өтті.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ АПАТ

Муанда (Сеулден 288 шақырым жерде) ұшақ апатынан екі адамды қоспағанда, борттағы барлық адам көз жұмғанын бұған дейін хабарлаған едік. Бортында Бангкоктың 181 жолаушы болған Jeju Air авиакомпаниясының ұшағы таңғы сағат 9:07-де Муан халықаралық әуежайына қонуға тырысып, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соқтығысқан. Әуелі кем дегенде 28 адам опат болып, тағы бірнеше адам жарақат алғаны хабарланған еді. Кейін жолаушылар борттағы адамдардың көбі дерлік аман қалмағаны белгілі болды.

Әуежай билігі ұшақ апат болған кезде шассидің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты пилот апаттық жағдайда қонуға тырысқанын хабарлайды. Бірақ ол әрекет сәтсіз аяқталған. Қоршауға соғылған ұшақ жарылып, өртеніп кеткен. Куәгерлер ұшақтың шассиі, мысалы, дөңгелегі дұрыс шықпай қалғанын көргенін айтады. Апатқа жайсыз ауа райы немесе құстармен соқтығысу себеп болуы мүмкін.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.

29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.

EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН

Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазған.

Ресей президенті өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, Әзербайжан басшысынан кешірім сұраған.