30 желтоқсанда Қазақстанның Ұлттық банкі шабуылдаушылар азаматтардың жеке деректері мен банк шоттарына қол жеткізу үшін қолданатын жаңа схемалар туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәселен, азаматтарға жөнелтушінің деректері көрсетілмеген гүл шоқтарын жібереді. Содан соң сол адамға қаскөйлер хабарласып, өздерін жеткізуші қызметтің қызметкерлері ретінде таныстырады да, келіп түскен хабарламада көрсетілген код арқылы гүл шоғының жеткізілгенін растауды сұрайды.
“Сондай-ақ пошта жөнелтілімдерін жеткізуге қатысты оқиғалар белгілі болды. Азаматтар «пошта бөлімшесінен тапсырысты алу» сылтауымен хабарламалар немесе зиянды сілтемелер алады. Онда олардан жеке деректерін енгізу талап етіледі. Нәтижесінде алаяқтар телефондағы жеке деректерге, соның ішінде банк қосымшаларына қол жеткізе алады”, деп жазды Ұлттық банк.
Алаяқтар мессенджерлерде фотосуреттер түрінде зиян келтіруі мүмкін бағдарламалық қамтылымды да жібереді. Фотосуретті ашуға және көруге тырысқан кезде орнату файлы («.APK» кеңейтілімі) іске қосылады. Осылайша, олар мобильді құрылғыны басқаруды өз қолына алып, оған қолжетімділікті бұғаттай алады.
“Бұдан бөлек, алаяқтар жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, жақын адамдардың дауысын немесе бейнесін имитациялайды. Олар туыс немесе таныс ретінде хабарласып, түрлі сылтаумен ақша аударуды, сілтемеге өтуді, қосымша жүктеуді, мессенджерде жаңа функцияларды іске қосуды немесе жеке деректерді айтуды сұрайды”, делінген хабарламада.
Осылайша, мобильді құрылғылардың көмегімен іске асырылатын алаяқтықтың жиілеп бара жатқанын ескере отырып, Ұлттық Банк азаматтарды абай болуға, үшінші тұлғаларға құпия ақпаратты бермеуге, күдікті телефон қоңырауларына сенбеуге, сұратулардың түпнұсқалығын бірнеше рет тексеруге, күмәнді сілтемелер мен файлдарды ашпауға, сондай-ақ HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer және т.б. қашықтан қол жеткізу қосымшаларын орнатпауға шақырады.
Еске сала кетсек, алаяқтар енді қазақстандықтардан салық түрінде ақша жымқыру айласына көшкенін хабарлағанбыз.
Сондай-ақ жуырда Алматыда 80-нен астам адамды алдаған алаяқ Ресейде ұсталды.
Ал Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтар айласын іске асыру үшін жаңа технологияларды пайдалануға көшкенін ескертті. Яғни алаяқтар аудиомен даусыңызды айнытпай салып, осындай жаңа жолмен ақша жымқыра бастады.