Қытайлық хакерлер АҚШ Қаржы министрлігінің ішкі желісін бұзғаны хабарланды

Ғалиасқар Думан

Қаржы министрлігі өкілінің айтуынша, Advanced Persistent Threat хакерлік тобының мүшелері министрліктің ішкі желісіне  қол жеткізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Reuters

МӘН-ЖАЙЫ

Қолда бар мәліметке сәйкес, бұл шабуылды Қытай Халық Республикасы (ҚХР) қаржыландыратын Advanced Persistent Threat (APT) тобы жүзеге асырған. Бұл туралы Қаржы министрлігі Сенаттың банктік істер, тұрғын үй құрылысы және қалалық шаруашылық комитетіне жіберген хатта айтылған. Аталған хат «Америка даусы» радиосының қолында бар деп жазды басылым.

Қаржы министрлігінің өкілінің айтуынша, хакерлер BeyondTrust деп аталатын үшінші тарап киберқауіпсіздік компаниясының жүйесін бұзу арқылы министрлік қызметкерлерінің жұмыс компьютерлеріне қол жеткізген.

ТЕРГЕУ

Хатқа сәйкес, Қаржы министрлігі бұл бұзу туралы 8 желтоқсанда біліп, Киберқауіпсіздік және инфрақұрылым қауіпсіздігі агенттігі (CISA), Федералдық тергеу бюросы (ФБР), барлау қызметі және тәуелсіз криминалист-эксперттермен бірлесіп, оқиғаны тергеуге және оның салдарын анықтауға кіріскен.

Қазіргі уақытта хакерлердің Қаржы министрлігінің компьютерлік желісіне әлі де қол жеткізе алатыны туралы ақпарат жоқ.

Министрлік саясатына сәйкес, APT тобына қатысы бар кез келген хакерлік әрекет «киберқауіпсіздік саласындағы күрделі оқиға» ретінде бағаланады.

«Қаржы министрлігі өз жүйелеріне және ондағы деректерге төнген барлық қауіптерді өте маңызды деп санайды. Соңғы төрт жыл ішінде министрлік өз киберқорғанысын айтарлықтай нығайтты және біз қаржы жүйемізді ықтимал қауіптерден қорғау үшін жеке және мемлекеттік серіктестермен жұмыс істеуді жалғастырамыз», – деп мәлімдеген министрлік өкілі «Америка даусына».