Ақтаудағы ұшақ апатының орнын әуеден түсіріп, қамалған блогер бостандыққа шықты

Сырым Қаржас

Маңғыстау облысында жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаевты сот әкімшілік іспен қамаған еді. Блогер жаңа жылды қамауда қарсы алып, бостандыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы/Азамат Сәрсенбаевтың фотосуреттері

Бостандыққа шыққанын суретін Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желіде көрсетті. 

- Ер адамның басынан не өтпейді!? Үйден 150 шақырым алыста 10 күн оқшау жатып, басымнан осы ой кетпеді. Шынымды айтсам, осылай болғанына да қуандым. Шыңдалдым, мықтырақ болып, өз ұстанымым бекемделе түсті, – деп жазды блогер.

Полицияның ұстауына блогердің ұшақ апаты болған жерде рұқсатсыз фото, видео түсірілім жүргізгені, яғни әкімшілік құқық бұзғаны себеп болған.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.

Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.

25 желтоқсанда апатқа ұшыраған әуе кемесінің қара жәшігі табылды. Ал 26 желтоқсанда Маңғыстау облысының көліктегі прокуроры Абылайбек Ордабаев ұшақ құлаған жерден тағы бір «қара жәшік» табылғанын айтты.

28 желтоқсан күні Путин Әлиевке қоңырау шалып, қайғылы оқиғаның ресейлік әуе кеңістігінде болғанына өкініш білдіріп, кешірім сұраған. Әңгіме барысында Путин Әлиевке Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғағанын айтқан. 

29 желтоқсан күні Әзербайжан мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында Әлиев апаттың басты себебін айтты. Осы сұхбат барысында Әлиев Ресей Әзербайжан халқынан кешірім сұрап, өз кінәсін мойындап, өтемақы төлеуі керектігін айтқан еді.