Mazmundama жобасының авторы, баспагер Шыңғыс Мұқан бірыңғай уақыт белдеуіне байланысты ойын әлеуметтік желіде жариялады. Ол Қытайды мысалға келтірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШЫҢҒЫС МҰҚАН НЕ ДЕЙДІ
– Қазақстанда сағатты меніңше, Қытайға қарап ауыстырған сияқтымыз. Өйткені көктемде мен Гуанжоуға бардым. Гуанжоуға ұшақ болмай, Үрімжіге ұшып келдім. Сағат 22.00-22.30 шамасында ұшып келсем, дала жап-жарық. Неге десек, бүкіл Қытайда уақыт бірдей екен. Қытайда бес уақыт белдеуі бар. Қазақстан аумағынан үш жарым есе үлкен ел ғой. Бірақ үрімжіліктер ресми Бейжіңнің уақытымен жүрген болып есептеледі екен де, өздерінің бұрынғы уақыттарымен дүкендерін ашады. Өздерінің бұрынғы уақытымен дүкендерін жабады, – дейді ол.
Сонымен қатар Шыңғыс Мұқан екі елдің саяси жүйесін салыстырады.
– Қытай авторитарлық ел. Билік билік құратын ел. Қазақстан демократиялық ел дейміз. Демос деген халық деген сөз. Яғни, халық билік құратын ел. Сондықтан билік халықтың айтқанымен санасатын шығар деп ойлаймын, – дейді Шыңғыс Мұқан.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Бұған дейінгі сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты ойын айтқан еді. Тоқаев нақты ұсыныстар әзірленгенін айтады. Парламент пен үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімді.
Бұған дейін Қазақстанда уақыт белдеуі әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалатыны хабарланған. Министр бұл өтінім үш жылдық бюджетке арналып отырғанын, бірақ іс жүзінде кемі жартысына, шамамен 90-100 миллион теңгеге дейін кемитінін айтқан. Ал DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнамаға сай, қазақстандықтардың жартысынан көбі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы
ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ
Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген. Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.