«Болашақ» бағдарламасына қазақ тілді мамандарды тарту керек — белгілі жазушы

Сырым Қаржас

Белгілі жазушы Роза Мұқанова "Болашақ" бағдарламасы жайлы Ulysmedia.kz порталының мақаласын оқығаннан кейін мәселеге ой қосты. Ол да өз қызының оқиғасын мысалға келтіріп, бағдарламаны тексеру керек деп есептейді.

Ulysmedia коллажы

ЖАЗУШЫ НЕ ДЕЙДІ

Жазушы 2019 жылы қызым НЗМ-ді жоғары деңгейде бітіріп, ағылшын тілі талабын 8 (өте жоғары көрсеткіш) деңгейімен аяқтағанын, жадпы үш тілді де меңгергенін айтады. Комиссия оның қызымен әңгімені үш тілде тапсыртқызған. Ең қызығы үш маман да жоғары бағалаған. Қызы Венгрияның медицина университетін таңдаған. Бірақ комиссия мүшелері  оны резервке қойған. "Демек, тамыр-таныспен тиісті орын толып тұрған болуы керек” дейді ол.

Бірақ комиссиядан өткен кандидаттарды Венгрия жағы қайтадан сүзгіден өткізген кезде "Болашақтың" конкурсынан өткендер керісінше қабылданбай қалады. Менің резервте тұрған қызым құжаттарын кері қайтарып алып, Гонконгтағы "Ғылым және жаңа технология" Университетінің клеткалы биология мамандығы бойынша қайта тапсырып,  грантқа түсті. Сол кезде  "Болашақ" қазақ мектебін бітірген талантты балаларды шектейтіні белгілі болды, – дейді жазушы.

Роза Мұқанова "Болашақ" ұлт мүддесіне  жұмыс жасап отыр деп айта алмайтынын ашық білдірді.

Шенеуніктердің, қала берді қалталылардың балаларын шет елдің ең  әйгілі оқу орындарына мемлекет есебінен  жіберуді  көздейтіні белгілі.
Бірақ олардың балалары  болашақта ҚАЗАҚ мемлекетіне, Отанына қайтып келіп, қызмет ететініне күмәнім бар. Бұл менің  ата-ана ретіндегі көзім жеткен, ұлт ретінде, азамат ретінде намысым тапталған мәселе! "Болашақты" реформалау керек және  ол жерге қазақ тілді, отаншыл  мамандарды шоғырландыру керек деп ойлаймын, – дейді жазушы.

БАҒДАРЛАМАҒА ҚАТЫСТЫ ДАУ ЖАЙЛЫ

Әлеуметтік желіде «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеуге қатысқан Жасұлан Темірбаевтің комиссия мүшелерімен сұхбаты кезінде қозғалған әңгіме қызу талқыланған еді. Темірбаев сол кезде «сіз орыс тілінде акцентпен сөйлегеніңіз үшін Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деген сөзді естігенін мәлім етті. Ол үміткер ретінде себепсіз іріктеу кезеңінен өтпей қалғанын, комиссия құрамында спорт пен медицинадан хабарсыз тұлғалар отырғанын айтады.  

Ulysmedia.kz порталы Жасұлан Темірбаевтің өзімен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын ғылым және жоғары білім министрлігінен, халықаралық бағдарламалар орталығынан сұрап көрген болатын.