Жекеменшік мектептердің басына қара бұлт үйірілді – Аймағамбетов дабыл қақты

Сырым Қаржас

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жекеменшік мектептердің проблемаларын көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР – ЖАЛПЫ ЖҮЙЕГЕ ПАЙДАЛЫ

Қазір мәжіліс депутаттарының өңірлердегі халықпен кездесуі басталған. Аймағамбетов жекеменшік мектептердің мәселесін парақшасында жазды. Айтуынша, бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жекеменшік мектептердің саны небәрі 25-30 ғана болатын. Бүгінгі күні олардың саны 800-ден асқан. Бұл – білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырыс пен жан басына қаржыландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі дейді ол.

– Осылайша, жеке мектептер желісі тез дамып, мемлекет мектептердегі үш ауысымдылық мәселесін, әсіресе оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда, шешуге мүмкіндік алды. Жүздеген мың жаңа оқушы орны құрылып, жүздеген мемлекеттік мектептер үш ауысымдылықтан құтылды. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Жеке мектептерге әртүрлі көзқарастар болуы мүмкін, олардың сапаға қатысты проблемалары да бар, бірақ мектептер арасында альтернатива мен бәсекелестіктің болуы жалпы жүйе үшін пайдалы, – дейді депутат.

ЖАҚСЫ, БІРАҚ...

Алайда қазір жеке мектептердің дамуы депутатты алаңдатып отыр. Көп мектеп, әсіресе ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтіндері, банкрот болудың аз-ақ алдында тұр дейді ол.

– Неліктен? Өйткені мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігулермен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес – бұл мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салықтар. Оның үстіне, көптеген мектептер 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады. Бұл мәселе жекеменшік мектептердің жұмыскерлерімен болған кездесуде ашық көтерілді, өйткені тұрақты қаржыландырусыз мектептердің қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес.

Биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал. Жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, барлық әкімдіктер бұл өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлген жоқ. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Жақын арада бұл мәселе шешіліп, мектептердің үздіксіз қаржыландырылуы қамтамасыз етіледі деп үміттенемін, – дейді ол.

ҚАНША ОҚУШЫ АУЫСТЫ

Бұған дейін 2023-2024 оқу жылында мемлекеттік мектептерде білім алатын 71 мың оқушы жекеменшік мектептерге ауысып кеткені хабарланған болатын. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың мәжіліс депутаттарына берген жауабынан айтылған. Үкімет басшысының орынбасары жекеменшік білім беру ұйымдарындағы сапаны қамтамасыз ету мақсатында жеке мектептер әр бес жыл сайын мемлекеттік аттестаттау рәсімінен өтетінін еске салды. Одан бөлек, профилактикалық бақылау, біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру және жоспардан тыс тексеру шаралы өтіп тұрады. Айталық, Қазақстанда ашылып, бес жылдан артық жұмыс істеген 189 жекеменшік мектеп мемлекеттік аттестаттаудан өтіп үлгерген.