2024 жылы Иранда кемінде 901 адам өлім жазасына кесілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Біріккен ұлттар ұйымының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Иранда 901 адам өлім жазасына кесілген, оның ішінде 2024 жылдың желтоқсан айындағы бір ғана аптада шамамен 40 адам жазаланған. Бұл елдегі соңғы тоғыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. 2023 жылы 853 өлім жазасы орындалған еді, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен шамамен 6%-ға аз.
ХАЛЫҚ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА НЕ ҮШІН КЕСІЛГЕН
2024 жылы өлім жазаларының көпшілігі есірткіге байланысты қылмыстар үшін тағайындалған, алайда елде сондай-ақ диссиденттер мен 2022 жылғы наразылықтарға қатысушылар да өлім жазасына кесілген. Сонымен қатар, өлім жазасына кесілген әйелдердің саны артқан.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Иран билігін өлім жазасын дереу тоқтатуға және оны толық жою мақсатында өлім жазасына мораторий енгізуге шақырды.
«Өлім жазасы өмір сүру құқығымен үйлеспейді және жазықсыз адамдардың жазалану қаупін тудырады. Сонымен қатар, өлім жазасы адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалармен қорғалған әрекеттер үшін ешқашан қолданылмауы тиіс», – деп атап өтті ол.