Ауа райының нашарлауы: Алматы әуежайындағы жағдай күрделі

Сымбат Сатыбалдина

Ауа райының нашарлауына байланысты Алматы әуежайына қонуы керек рейстер кейінге ауыстырылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Алматы әуежайының баспасөз қызметінен

Алматы халықаралық әуежайы 8 қаңтарда қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты (қар жауу және тұман) кейбір ұшып кету рейстерінің кейінгі уақытқа ауыстырылғанын хабарлады.

РЕЙСІН КҮТІП ОТЫРҒАНДАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛДЫ МА

Кешігулерді азайту және жолаушыларға жайлы жағдай жасау үшін әуежай мен әуе компаниялары бірлесе жұмыс істеп, күту залдарында ыстық тамақ, жеңіл тағамдар және сусындар ұйымдастырды.

Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұшақтарға мұзға қарсы өңдеу жұмыстары Қазақстанның ұлттық заңнамасының талаптарына, сондай-ақ FAA (АҚШ Азаматтық авиация федералды басқармасы) мен Канада Көлік министрлігінің ұсынымдарына сәйкес жүргізіліп жатыр.

- Барлық әуежай қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Әуежайдың немесе әуе компанияларының ресми парақшаларынан рейстердің ағымдағы статусын алдын ала тексерулерін ұсынамыз. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз, дейді Алматы халықаралық әуежайының корпоративтік коммуникациялар департаментіндегілер. 

АСТАНА

Бұған дейін Астана әуежайында да 8 рейс кешіктіріліп жатқаны  хабарланған еді. Алматы, Атырау және Шымкентке ұшатын кейбір әуе рейстері кейінге қалдырылды.

Рейс туралы ақпаратты Астана әуежайының сайтынан білуге болады.

АУА РАЙЫ ҚАНДАЙ

Қазгидромет мамандары Алматы қаласында 8 қаңтарда түнде кей уақытта қатты қар күтілетінін хабарлаған болатын. Кей уақытта тұман, көктайғақ. Солтүстік-батыстан жел соғады кей уақытта екпіні секундына 18-23 метр болады. 

Астана қаласында 8 қаңтарда түнде кей уақыттарда қатты қар, бұрқасын, күндіз жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, түнде және таңертең екпіні 15-20 м/с.