Әлеуметтік желіде көлікті қыстыгүні 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынады деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Мұның рас-өтірігін Ulysmedia.kz тілшісі ішкі істер министрлігінен сұрап білді.
ІІМ НЕ ДЕЙДІ
ІІМ тұрғын үй тұрған аймақта қозғалтқышы бар көлік құралының тоқтап тұруы жайлы былай дейді.
ІІМ 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген жол жүрісі қағидаларына сәйкес, көліктің тоқтап тұру – көлік құралының қозғалысын жолаушыларды отырғызу немесе түсірумен, не көлік құралын тиеу немесе түсірумен байланысты емес себептер бойынша бес минуттан артық уақытқа әдейі тоқтату саналады. Ереженің 88-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, тұрғын пункттерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тұрғындарға қолайсыздық тудырып тоқтап тұруына тыйым салынады. Осындай талап ЖЖҚ-ның 17-бөлімінің 122-тармағы 4-тармақшасында да көрсетілген, – делінген ІІМ хабарламасында.
20 ЖЫЛДАН БЕРІ БАР
Ведомствоның хабарлауынша, бұл жаңа норма емес. 20 жылдан астам уақыттан бері бар. ІІМ түсіндіруінше, егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдайда әкімшілік кодекстің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады.
– Сонымен қатар ішкі істер органдары аталған құқық бұзушылық үшін азаматтарға жаппай айыппұл салуды мақсат етпейді. Айта кету керек, көрсетілген бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары түскен кезде ғана, куәгерлер құқық бұзушылық фотосы мен бейнематериалдарын ұсынған жағдайда ғана қозғалады, – дейді ІІМ.
Аталған мәселе бұған дейін желіде қызу талқыланған еді.