Көлікті көп қыздырғаны үшін айыппұл салынады: сенатор Қожаев не дейді

Сымбат Сатыбалдина

Сенат депутаты, Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұлға қатысты пікір білдірді. Айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткіштің көтерілуіне байланысты 18 460 теңгеден 19 660 теңгеге өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

АЙЫППҰЛ

Қазақстанда тұрғын аймақтарда қозғалтқышы қосылып тұрған көлікті қоюға тыйым салынған. Қозғалтқышы қосулы көлікті 5 минуттан артық тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда – 10 АЕК (39 320 теңге).

ХАЛЫҚТЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Бұл норма бірнеше жылдан бері қазақстандықтардың ашуын туғызып жүр. Олардың айтуынша, әсіресе Астана қаласында қыста көлікті жылытуға көбірек уақыт қажет.

СЕНАТ НЕ ДЕЙДІ

Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар норма және ол экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

– Қалаларымыздағы ауа бассейндері қатты ластанған. Сондықтан осындай норма қабылданған. Әрине, осы бап бойынша жауапқа тарту үшін даусыз процессуалдық дәлелдер қажет. Бұл – бейнежазба, уақытты тіркеу және басқа да факторлар. Егер осылар анықталса, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай ережелер дамыған елдерде де қолданылады, – деді сенатор. 

ІІМ НЕ ДЕЙДІ

ІІМ тұрғын үй тұрған аймақта қозғалтқышы бар көлік құралының тоқтап тұруы жайлы былай дейді. 

ІІМ 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген жол жүрісі қағидаларына сәйкес, көліктің тоқтап тұру – көлік құралының қозғалысын жолаушыларды отырғызу немесе түсірумен, не көлік құралын тиеу немесе түсірумен байланысты емес себептер бойынша бес минуттан артық уақытқа әдейі тоқтату саналады. Ереженің 88-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, тұрғын пункттерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тұрғындарға қолайсыздық тудырып тоқтап тұруына тыйым салынады. Осындай талап ЖЖҚ-ның 17-бөлімінің 122-тармағы 4-тармақшасында да көрсетілген, – делінген ІІМ хабарламасында.

20 ЖЫЛДАН БЕРІ БАР

Ведомствоның хабарлауынша, бұл жаңа норма емес. 20 жылдан астам уақыттан бері бар. ІІМ түсіндіруінше, егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдайда әкімшілік кодекстің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады.