Польшаның Санкт-Петербургтегі бас консулдығы 52 жылдан кейін жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТУ ТҮСІРІЛДІ, ТАҚТАЙША БӨЛШЕКТЕЛДІ
Польша сыртқы саясат ведомствосының сайтында Ресейдегі поляк елшісі Кшиштоф Краевскийдің қатысуымен Санкт-Петербургтегі Польша консулдық мекемесінің жабылу рәсімі өткені жазылған. Өкілдік ғимаратында Польша мен Еуропалық Одақтың тулары ту тіректерінен алынып тасталды. Сондай-ақ ғимараттың қасбетіндегі бас консулдықтың тақтайшасы бөлшектелді.
Былтыр 5 желтоқсанында Ресей СІМ Варшаваға Санкт-Петербургтегі поляк бас консулдығы 2025 жылдың 10 қаңтарына дейін жұмысын тоқтатуы керек екенін ескерткен. Бұл Польшаның Познаньдағы Ресей бас консулдығын жабуына жауап болды.
МІНЕ, ОСЫНДАЙ ЖАУАП БЕРІЛДІ
Польша елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда әлемуеттік желідегі парақшасында осы жаңалыққа байланысты ойын бөлісті.
– Былтыр қараша айында Польша Ресейдің Познань қаласындағы консулдығын жабу жөнінде шешім қабылдаған. Себебі ол Польша аумағындағы террорлық әрекеттерді ұйымдастырған, өрт қоюды тапсырған. Міне, осындай жауап берілді. Әзірге Иркутск пен Калиниградтағы консулдықтар, сондай-ақ, Мәскеудегі Польша Республикасының елшілігі жұмыс істеп тұр, – деп жазады ол.
Ulysmedia.kz порталы бұған дейні оқырман назарына Польша елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенданың сұхбатын ұсынған еді. Польшаның өкілі редакциямызға хабарласып, сұхбат беруге өзі ниет білдірген. Мемлекетаралық деңгейдегі азаматтардың әңгімесі қашан да қызық. Сұқбат барысында екі ел арасындағы байланыс, өңірдің геосаяси үдерісі, тіл саясаты, Еуроодаққа кіру тәртібі хақында біршама әңгіме өрбіді. Михал Лабенда бұған дейін Әзербайжанда, Моңғолияда, Мысырда елші қызметін атқарған.Қазақ тілін бір кісідей меңгеріп алған дипломаттың Қазақстан аудиториясына айтары бар.