10 жастағы қыздарға қырындаған: Алматыда танымал TikTok-блогердің басы дауға қалды

Сымбат Сатыбалдина

TikTok-та миллиондаған оқырманы бар блогер кішкентай қыздармен сөйлесіп, хат алмасып, қырыңдап жүрген болып шықты. Хаттарда блогер кішкентай қыздарға сезімін білдірген. Бұл туралы блогердің әйелі жайып салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz коллажы

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ

Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Миллиондаған оқырманы бар блогер 10 және 11 жастағы қыздарға қырыңдап жүрген. Әйелі күйеуінің телефонынан кішкентай қыздарға сезімін білдірген хаттарын тауып алған. Артынша блогердің әйелі ажырасуға арыз берген. 

Желі қолданушыларының сөзінше, блогердің балаларға арналған барбершобы бар, арасында кішкентай балалармен видеолар түсіріп тұрады. 

Блогердің әйелі бірден қыздардың анасымен байланысқа шыққан, алайда олар бұл жайттан еш әбестік көрмеген. Осылайша әйел адам күйеуінің қыздармен сөйлескен скриндары мен өзге де материалдарды әлеуметтік желіде тарата бастады. Бірақ блогер қырыңдаған қыздардың анасы оның бәрін өшіруді талап етіп, сотқа шағымданатынын айтқан. 

Қазіргі уақытта бұл іс Балалар ісі жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның бақылауында. 

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Алматының полиция департаментінің мәліметінше, блогер бұрынғы әйелім жала жапты деп шағымданған. 

Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Педофилия дерегі бойынша полицияға ешқандай арыз түскен жоқ, дейді полицейлер. 

ТӘЖІРИБЕ

Бұған дейін астаналық жастар әлеуметтік желіде 12 жастағы баланың атынан парақша ашып, тәжірибе жасаған болатын. Олардың құрығына желіде өзін “Бека Хан” деп таныстырған азғын түскен. Ол баланың 12 жаста екенін біле тұра кинорумға кездесуге шақырған. 

Астаналық жастар педофилді арнайы “қарабет дәлізінен” өткізген. Басынан аяғына дейін ақ субстанцияға малынған ер адамға басына және бетіне резеңке заттар лақтырған.