Аралдағы судың көлемі тағы ұлғайды

Сымбат Сатыбалдина

Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңінің нәтижесінде теңіздегі су көлемі 42%-ға ұлғайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап. 

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Министр Нұржан Нұржігітов Арал ауданының тұрғындарымен Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасының екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылаған. Жиынға парламент мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, Қызылорда облысының су шаруашылығы өкілдері мен сарапшы-ғалымдар қатысқан. 

ЦИФРЛАР 

Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезең қорытындысы бойынша теңіздегі су көлемі 42%-ға артып, 27 млрд текше метрге жетті. Теңіз суының тұздылығы төрт есеге жуық төмендеп, жыл сайынғы балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін жетті. 

Министрлік «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын әзірлеп жатыр. Жоба негізгі 3 негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша маңызды іс-шаралар қарастырылған. 

БЫЛТЫР 2,6 МЛРД ТЕКШЕ МЕТР СУ ЖІБЕРІЛДІ

Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 жылы Аралға 2,6 млрд текше метрге жуық су жіберді. Оның ішінде суару кезеңінде рекордтық көлем - 1 млрд текше метр су барды. 

Бұл Сырдария суын сауатты бөлу және оны үнемдеудің нәтижесінде мүмкін болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Аралға бар болғаны 816 млн текше метр су жіберілген еді.

Бұл нәтижелер – соңғы екі жылда жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Біз су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадамдар жасадық. Алдағы уақытта да осындай келіссөздерді жалғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруға бар күшімізді саламыз. Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Еске салайық, былтыр күзде соңғы 5 жылда алғаш рет Аралға су жіберу жоспары 100 пайызға жуық орындалғаны хабарланған болатын. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, биыл вегетация кезінде Арал теңізіне 977 млн текше метр су жіберілген. Бұл жоспарланған көлемнің 98 пайызы.

Айта кету керек, соңғы бірнеше жылда суару маусымында теңізге 350-400 млн текше метрдің айналасында ғана су жіберіліп келген болатын. Ал жыл басынан бері Аралға 2 млрд текше метрден астам су құйылды. Министрлік жыл соңына дейін тағы 500 млн текше метр су жіберуді жоспарлап отыр.