ТМД-ның құрылғанына 30 жыл толды

Ulysmedia

Тоқаев Қазақстанның ТМД-ны қолдайтынын мәлім етті. Бұл туралы Президент твиттердегі парақшасын жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«21.12.1991 ж. Алматыда Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ТМД-ның қағидаттары мен мақсаттарын бекіткен Декларацияға қол қойылды. 30 жыл ішінде ТМД әлемдік қоғамдастық мойындаған беделді өңірлік ұйымға айналды. Қазақстан ТМД-ны қолдайды және оның жұмысына белсене атсалысады», - деп жазды Тоқаев твиттердегі парақшасында.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) – ыдыраған КСРО орнына 1991 жылы 21 желтоқсанда құрылған халықаралық ұйым. ТМД ұлттықтан жоғары ұйым емес. Өз қызметін ерікті негізде, оның мүшелерінің келісімімен жүзеге асырады.

Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан басшылары Алматыда 21 желтоқсанда ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына қол қойған. Кездесуге қатысушылар ішкі және сыртқы саясаттың әртүрлі салаларында ынтымақтастыққа бейілділігін растайтын, бұрынғы КСР Одағының халықаралық міндеттемелерін орындауға кепілдік жариялайтын Алматы Декларациясын қабылдады. 1993 жылғы желтоқсанда Достастыққа Грузия қосылды, ал 2009 жылғы 18 тамызда аталған бірлестіктен шығып кетті.