Жексенбі күні Сеул соты қызметінен шеттетілген Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльді қамауға ордер берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Юн Сок Ёль әскери төңкеріс жасамақ болды және билік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Ол 15 қаңтарда қолға түскен еді.
Судьяның пікірінше, Юн бостандықта жүрсе, өзі күдікке ілінген іске қатысты айғақтарды жоюы мүмкін. Оған ресми түрде айып тағылғанға дейін ол 20 күн қамауда болады деп жазды "Ренхап" агенттігі.
“Ордер берілгеннен кейін президенттің жақтастары сот ғимаратының терезелерін сындырып, ішке кірмек болды. Бір мезетте саясаткердің қарсыластарының да акциясы да өтті. Олар оны қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп санайды. Сот ғимаратындағы тәртіпті жүздеген полицейлер бақылады”, деп жазды Азаттық.
Желтоқсан басында Юн Сок Ёль парламентті бақылауға алған оппозициямен күресін жалғастыруға талпынып, елде әскери жағдай енгізбек болған. Бұдан кейін парламент оны елде "төңкеріс жасамақ болды" деп айыптап, 14 желтоқсанда оған импичмент жариялаған.
Конституциялық сот оны биліктен уақытша немесе түбегейлі түрде шеттету туралы шешім әлі қабылдамаған.
Юнның өзі желтоқсанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыпты жоққа шығарып, мұндай қадамға "үкіметтің жұмысын тұралатқан оппозициядан мемлекетті қорғау үшін" жасауға мәжбүр болғанын айтқан.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске сала кетсек, 15 қаңтар күні Оңтүстік Кореяда тергеушілер уақытша қызметінен шеттетілген, бірақ әлі де елді басқарып отырған Юн Сок Ёльді бүлік ұйымдастырды деген айыппен қамауға алды.