Генерал-майор Мереке Күжекбаев Сарыөзектегі қатардағы сарбаз Дастан Құрманбектің өліміне қатысты қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол бұл істі тергеуге оның жеке бақылауымен, құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасы мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің лауазымды тұлғалары қатысып, жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеумен әскери құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
— Қауіпсіздік шаралары мен қару-жарақпен жұмыс істеу бойынша нұсқаулықтар беріліп, оған қол қойылған. Тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның мән-жайын толық айта алмаймын. Тергеу нәтижелері қосымша хабарланады, – деді генерал-майор.
ӘСКЕРДЕГІ ТЕКСЕРІС
Күжекбаевтың айтуынша, алдын ала тергеу нәтижелеріне сәйкес, командирлердің жеке құраммен жұмыс істеуі барысында кемшіліктер анықталған. Командирлер Дастанның әскери қызметке бейімделу барысында депрессияда жүргенін уақытылы анықтап, оған қажет моральдық және психологиялық қолдау көрсете алмаған.
АТА-АНАСЫМЕН КЕЗДЕСУ
— Әскери бөлімдердегі командирлік жұмыстың жүйесі сарбаздардың мінез-құлқындағы өзгерістерге жедел әрекет етуге тырысады. Бұл жағдайда, 8 қаңтарда Дастан Құрманбектің бір нәрсені алаңдап жүргені анықталғаннан кейін, бөлім командирі онымен жеке әңгімелесіп, ата-анасымен телефон арқылы сөйлескен. Олар 12 қаңтарда бөлімге келіп, ұлдарымен кездесті, – деп мәлімдеді бас қолбасшы.
Дастанға сол күні сағат 17:30-ға дейін бөлімнен шығуға рұқсат берілген. Демалыстан оралған соң, қатардағы жауынгер де, оның ата-анасы да командирге немесе құқық қорғау органдарына шағым немесе өтінішпен жүгінбеген.
— Әскери ұжымдағы, оның ішінде офицерлер мен сержанттарға байланысты қандай да бір проблема анықталған жоқ, – деп толықтырды Күжекбаев.
БҰҒАН ДЕЙІН
14 қаңтар күні Сарыөзек гарнизонында жаттығу алаңында жүргізілген далалық сабақтар барысында мерзімді қызметтегі сарбаз атыс қаруынан оқ тиіп, қаза болды.
ТЫҢ ДЕРЕК
- Әскери қызметші қызмет барысында өзін жақсы қырынан көрсетті, бөлім басшылығына ешқандай шағымы немесе өтініші болмаған. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындаған. Біз ата-анасының қайғысын түсінеміз әрі орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамыз. Кез келген командир үшін сарбаздың қазасы – үлкен трагедия, – деп мәлімдеді ҚР Құрлық әскерлерінің басшылығы.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға қарумен жұмыс істеу ережесінің бұзылған кезде болған. Әлеуметтік желілерде таратылған ақпаратта қатардағы сарбаз Құрманбек Дастан АК-74 автоматын жерге тіреген сәтте байқамай өз кеудесіне оқ атқан деген болжам айтылады.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға болған жерде Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бастаған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.