Мойындаймын, қате болды – сахнаға мас күйде тумен шыққан ИК мүшесі оқиғаны есіне алды

Сымбат Сатыбалдина

Ирина Кайратовна тобының мүшесі Азамат Маркленов сахнаға туды мас күйде алып шыққан оқиғаны есіне алды. Бір жағынан өкінбейтінін, екінші жағынан сол кезде ашуланған адамдарды түсінетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ulysmedia коллажы

МӘН-ЖАЙ

Бұл оқиға 2022 жылдың мамырында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен концерт кезінде болған еді. Рэпер Shiza сахнаға азамат Маркленовпен бірге мас күйде шығып, Қазақстанның мемлекеттік туын әрі-бері айналдырып, оны оранып, сахнада былапыт сөздер айтқан болатын. 

МАРКЛЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Сол күні таңертең оянғанымда телефонымда тыным болмады. “Миллиард” хат, қоңырау түскен. Instagram-ды ашсам, сұмдық болып жатыр. Туды сахнаға алып шықтық, оны біреуге сыйлық ретінде бергіміз келді. Бір сөзбен айтқанда біз кішкене мас болдық. Оны кейін өзіміз де айттық. Одан кейін бәлкім былапыт сөз айтып қалған шығармыз, бізге әкімшілік айыппұл салынады деді. Бірақ жалпы халықтың наразылығын түсінуге болады. Ол жай ғана мемлекеттік символ ғана емес. Ту – біздің еліміздің ең маңызды символы. Біреу үшін тудың ешқандай маңызы болмауы мүмкін, енді біреуі үшін оның рөлі ерекше. Сондықтан мас күйде мыңдаған адамның алдына шығу қате болды. Оны мойындаймын, – дейді Маркленов Narikbi Live-қа берген сұхбатында. 

Ол әншілердің жаман ойы болмағанын айтады.

“Көк ту” деген ән орындалып жатты, тумен билеп, кетеміз деп ойладық. Мен халықтың ашуына тигенім үшін кешірім сұрадым. Ту – ортақ, ол менің жеке затым емес. Бұл жағдайдан кейін қандай қорытынды жасадық? Мен өзімнің қатемді мойындадым. Бірақ өмір мұнымен тоқтап қалмайды, қорытынды жасап, әрі қарай өмір сүру керек. Бұл жағдайдан кейін мен де, басқа адамдар да туымыздың маңыздылығын түсіне түскендіктен мұндай жайт болғанына да өкінбеймін. Бұл жағдай халықты біріктіре түсті, – дейді әнші. 

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Бұл жайт үш жыл бұрын 25 мамырда Алматыда болған еді. Көпшілікке Shiza лақап атымен танымал Асхат Жолшиев пен “Ирина Кайратовна” тобының мүшесі Азамат Маркленов сахнада мас күйде өнер көрсетті. Олардың сахнадағы видеосы желіде тарап, қызу талқыға түсті. 

Балуан Шолақ спорт сарайында өткен концертте Shiza туды қолына алып, былапыт сөздер айтып, Маркленов сол сәтте күле бастаған. 

Бұл жайтқа қатысты сол кезде мәдениет және спорт министрлігін басқарған Дәурен Абаев, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де пікір білдірген болатын.