Ресей Қазақстанда үш ЖЭО салады: тарифті кім белгілейді

Аян Өрібай

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Ресей компаниясы Қазақстанның үш қаласында салатын жылу электр орталықтары жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ВИЦЕ-МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Ресейдің үш қалада жылу электр орталығын салатыны белгілі. Олар тарифтерді айқындайды деген де ақпарат бар. Бұл қаншалықты дұрыс? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі вице-премьер Қанат Бозымбаевқа қойған еді. Алайда ол сұраққа энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімханов жауап беретінін айтты.

Үш жылу электр орталығын салуға үкіметтің келісімі бар. Жұмыстар істеліп жатыр. Тапсырыс беруші ретінде Самұрық-Энерго компаниясы бекітілген. Жалпы Ресей тарапы өз станцияларды мердігер ретінде тек салады. Салып болғаннан кейін ол станциялар Самұрық-Энерго компанясының құзіретінде болады. Ешқандай Ресей тарапына ауыспайды. Ақпарат жалған. Орталық салынғаннан кейін тариф бекітіледі де, содан кейін бастап инвестицияны қайтару басталады, – дейді ол.

“Тарифтерді де Ресей компаниясы белгілемей ме?” деген сұраққа вице-министр “жоқ” деп жауап берді. Сөзінше, тарифті Қазақстанның энергетика министрлігі белгілейді.

ЖЕҢІЛ НЕСИЕНІҢ ТҰЗАҒЫ

2024 жылдың желтоқсанында үкімет энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған жаңа ұлттық жобаны бекітті. Жобада Көкшетау, Семей және Өскемен қаласында жылу электр орталығы салынатыны жазылған. Сонымен қатар, құжатта үш нысанның құрылысына шамамен триллион теңге "бюджеттен тыс қаражатты" тарту жоспарланып отыр. Орталықтар іске қосылғаннан кейін Қазақстанның меншігі болып қала ма? Ulysmedia.kz бұл мақалада осы мәселеге назар аударған еді.