Шетелде сотталған қазақстандықтардың көбі Ресейде жазасын өтеп жатыр

Сымбат Сатыбалдина

1,1 мыңнан астам қазақстандық шетелде жазасын өтеп жатыр, олардың жартысы – Ресейде. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

900 ШЕТЕЛДІК

- Қазақстанда шамамен 900 шетелдік сотталған азамат жазасын өтеп жатыр. Билік оларды өз отанына қайтару бағытында жұмыс істеп жатыр. Олардың басым бөлігі ұзақ мерзімге сотталған. Баршаңызға белгілі оларды ұстауға айтарлықтай қаражат жұмсалады. Мен сотталғандарды өз елдеріне қайтару туралы келісім ең алдымен гуманистік мақсатта жасалатынын атап өткім келеді, – деді Қойгелдиев.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін Бас прокурор Берік Асылов Қазақстанның 2024 жылы қылмыспен күрес және заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша 9 халықаралық келісім жасасқанын мәлімдеген болатын.

Бұл келісімдер:

  • Мароккомен – 3,
  • Перумен – 3,
  • Катармен – 2,
  • Кипрмен – 1.

Сонымен қатар, 2024 жылы Қазақстанға 67 адам экстрадицияланды, олардың ішінде:

  • Ресейден – 37,
  • Грузиядан – 6,
  • Қырғызстаннан – 4,
  • Түркиядан, БАӘ-ден және Әзербайжаннан – 3 адамнан,
  • Польша мен Армениядан – 2 адамнан,
  • Испания, Швеция, Чехия, Германия, Корея, Молдова және Украинадан – 1 адамнан.

22 қаңтарда Ресейден есірткі сақтау және тасымалдау бойынша күдікті Қазақстанға экстрадицияланған болатын. Оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.