Әлемде тағы бір соғыс басталды. Руанда Конго Демократиялық Республикасына шабуыл жасады. Бірақ олар қақтығысқа қатысымыз жоқ деп мәлімдеп, онда тутси көтерілісшілері хутулардан қорғану үшін соғыспақ екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Конго Демократиялық Республикасында (бұрынғы Заир) M23 тобының көтерілісшілері елдің шығысындағы Солтүстік Киву провинциясының ірі қаласы Гоманы басып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы “Медуза” жазды.
Басылым мәліметінше, оларға көршілес Руанда қолдау көрсетіп отыр: БҰҰ-ның есептеріне сәйкес, M23 жағында руандалық армияның тұрақты бөлімшелері соғысып жатыр. Алайда Руанда бұл айыптауларды ресми түрде жоққа шығарып отыр. Ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан қақтығыс ұлғайып, аймақта гуманитарлық апат болуы мүмкін. Бұл миллиондаған босқын мен қауіпті аурулардың таралуына әкелуі мүмкін.
ГЕНОЦИД
Солтүстік Киву – Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Руанда және Угандамен шектесетін аймақ. Ондағы көтерілісшілер мен орталық үкімет арасындағы қақтығыс шамамен 20 жыл бойы жүріп жатыр: арасында үзіліс болып, әлі де жалғасып келеді. Қақтығыс 1994 жылы Руандада болған геноцидтен кейін басталған. Сол кезде Заирді (1997 жылға дейін Конго Демократиялық Республикасы осылай аталған) хуту тайпасы ұйымдастырған геноцидтен қашқан мыңдаған тутси паналаған еді. Кейін Руандада билік ауысқан соң, бұл жолы геноцидке қатысы болғандықтан жаңа үкіметтің қудалауынан қорыққан хуту тайпасының өкілдері Заирге босып кетуге мәжбүр болды.
ҚАРУЛЫ ТОПТАР
Осы босқындар арасында өз ұлттастарын қорғауды мақсат еткен қарулы топтар пайда болды. Олар саны мен ықпалы артқан сайын, пайдалы қазбаларды заңсыз тасымалдауды өз бақылауына алып, Конго Демократиялық Республикасының ресми билігіне қарсы ашық қақтығыстарды бастады. 2004 жылы Солтүстік Кивуда тутси тайпасы көтеріліс жасап, билікті хуту топтарының әрекетіне көз жұма қарады деп кінәлады. Олар бұл топтар тағы бір геноцид ұйымдастыруды жоспарлап отыр деп мәлімдеді.
Қарулы қақтығыстар бес жылға созылды, 2009 жылы бейбіт келісімдерге қол қойылғанға дейін жалғасты: көтерілісшілер қаруын тапсырып, парламент пен армияда өкілдік алуға келісті. Көтерілісшілерге Руанда жасырын қолдау көрсеткен, ол өз ұлттастарының көмегімен (1994 жылдан бері Руандада тутсилер билікте) аймақтағы ықпалын арттыруды көздеген.