Алматы әуежайында комада жатқан ауыр диагнозы бар бес жасар бала жалпы негізде паспорттық және кедендік бақылаудан өтуге мәжбүр болды. Әуежай өкілдері бұл дерекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін бес жасар баланың ата-анасы қазақстандық БАҚ-қа хабарласып, келесі күні оның жансақтау бөліміне түскенін хабарлады.
КОМПАНИЯ ПІКІРІ
Әуежай мәліметінше, оқиға 12 қаңтарда Делиден Алматыға ұшқан Air Astana әуе компаниясының рейсінде болған. Медициналық көмек көрсету және онымен байланысты қызмет Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 6 маусымдағы «Азаматтық авиациядағы жолаушыларға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» № 329 бұйрығымен реттеледі.
- Халықаралық хаттамаларға сәйкес, егер жолаушының медициналық проблемалары болса, әуе компания арнайы кодтармен хабарлау арқылы осы жолаушының бортында бар екендігі туралы әуежайға хабарлайды. Халықаралық стандарттарға сәйкес, бұл жолаушылардың бірнеше санаты бар. Әуе компаниядан STCR коды жіберілді (жолаушыға зембіл қажет). Алматы халықаралық әуежайы тарапынан жолаушы бортының ұшуы бойынша STCR арнайы техникасы бар команда күтіп тұрды. Әуежай қызметкерлеріне медициналық бригадасы бар бөгде реанимобильдің қаладан әуежай аумағына келу қажеттілігі туралы алдын ала хабарланған жоқ. Реаномобиль сол уақытта және әуежай қызметтерінің келісімінсіз келді, дейді әуежай өкілері.
Бөгде көлікті перронға жіберу үшін белгілі бір келісу рәсімдері бар. Ол үшін рейсте жатқан жолаушы туралы ақпарат, оның диагнозы және басқа да маңызды мәліметтер рейстен кемінде 24 сағат бұрын немесе әуе кемесі қонғанға дейін 2 сағат бұрын ұсынылуы керек. Бұл ақпарат ұсынылмаған.
- STCR командасының қызметкерлері жолаушының жағдайын көріп, әуежайдың медициналық қызметі мен жедел жәрдем көлігін шақырды. Жолаушыны алып жүрушілер әуежайдың жедел жәрдем көлігімен тасымалдаудан бас тартты, соның салдарынан жолаушы шекаралық бақылау аймағына жеткізілді. Жолаушы шекаралық және кедендік бақылаудан әуежай қызметінің сүйемелдеуімен кезексіз, қозғалуы шектеулі жолаушы ретінде өтті. Бақылаудан өткен сәтте жолаушылар арасында жағдайы ауыр және ерекше медициналық қажеттіліктері бар баланың болуы туралы ақпарат әуежайда болған жоқ. Әуежай қызметкерлері белгіленген процедуралар мен ережелерге сәйкес қатаң түрде әрекет етті.
Алматы халықаралық әуежайы баланың тез сауығып кетуіне тілектес. Біз жолаушылар үшін, әсіресе ерекше қолдауды қажет ететіндер үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын түсінеміз. Әуежайда қозғалуы шектеулі жолаушыларға, соның ішінде сырқаттары ауыр жолаушыларға арналған сүйемелдеу қызметі жұмыс істейді. Бұл қызметті алу үшін әуе компанияға немесе әуежайға алдын ала хабарлау қажет, делінген жауапта.