Энергетика министрлігі Қазақстанның ОПЕК+ келісіміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қазақстан ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің кешегі 58-ші отырысы аясында ОПЕК+ келісіміне адалдығын растайды. Қазақстан 2025 және 2026 жылдары өз міндеттемелерін орындау және 2024 жылға артық өндірісті өтеу үшін қажетті шараларды қабылдайды.
- Теңіз кен орнын кеңейту жөніндегі жобаның іске қосылуына байланысты биыл өндірістің ұлғаюына қарамастан, Қазақстан ОПЕК+ келісімі шеңберінде міндеттемелерді сақтаудың маңыздылығын растайды және халықаралық құқық шеңберінде әріптестермен келіссөздер жүргізетін болады, делінген энергетика министрлігінің хабарламасында.
РЕКОРД
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан ОПЕК+ алдында артық өндірудің орнын толтыру жөніндегі міндеттемелерге қарамастан, күнделікті мұнай өндіру бойынша рекорд орнатқанын хабарлаған едік.
Қазақстанның отын-энергетикалық кешенінің жағдайлық-талдау орталығының жедел деректері бойынша 2025 жылғы 26 қаңтарда Қазақстанда мұнай өндіру бойынша рекорд орнатылды — тәулігіне 278,4 мың тонна. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға көп (251,9 мың тонна).
Бұл рекорд «Теңізшевройл» болашақ кеңейту жобасының маңызды кезеңдерінің аяқталуы және Теңіз кен орнындағы үшінші буын зауытының іске қосылуының арқасында орнатылған болуы мүмкін.