Республикалық бюджет тапшылығын тек салық түсімдері арқылы шешуді халық мәселеге біржақты қарау деп түсінеді. Сонда қалай? Қазынаны халықтың салығы есебінен толтыру әділетті ме? Неге үкімет қажетсіз бюджеттік шығыстарды азайтпайды? Қазіргі уақытта үкімет салықтарды көтеруді белсенді түрде насихаттап жатыр. Осы орайда Ulysmedia.kz мемлекет қандай шығындарды үнемдей алатынына да ой жүгіртті. Зер салып қарасақ, бюджет жұмсауда үкімет ашық саясат ұстанбай отырған сыңайлы.
ОҢТАЙЛАНДЫРУ ЖОЛЫ
Былтыр Олжас Бектенов премьер-министр қызметіне тағайындалған кезде, жаңа үкіметтің алғашқы отырыстарының бірінде республикалық бюджет шығыстарын оңтайландыру мәселесі көтерілді. Ол кезде елдің басты экономисі болған Нұрлан Байбазаров үнемдеуге болатын бірқатар шығындар бар екенін атап өтті.
Олардың қатарына мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығындары (форумдар мен зерттеулер өткізу, іссапарлар), сондай-ақ бірінші кезектегі маңызға ие емес жобалар, мысалы, әкімшілік ғимараттардың құрылысы мен ағымдағы жөндеу жұмыстары кірді. Олжас Бектенов үкіметтің үнемдеуге деген ұмтылысын құптады.
– Үнемделген қаржыны экономиканың өсуіне бағыттаймыз, оны оңды-солды шашпауымыз керек. Бұл жұмысты жалғастырып, оның нәтижелерін 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде ескеру қажет, – деген еді сол кезде премьер-министр.
АЙТЫЛҒАНМЕН ІСКЕ АСПАҒАН
Іссапарлар мен зерттеулерге келетін болсақ, олар бойынша шығындар шынымен қысқартылған болуы мүмкін, бірақ бұл нақты емес. Өйткені жоғары лауазымды шенеуніктер шетелдік іс-шараларда жиі көрініп жүр. Ал ел ішінде өткен форумдар мен конференциялардың саны өткен жылы 40-тан асып кеткен.
Әрине, шенеуніктердің шетелдік сапарлары мен Қазақстандағы форумдардың мақсаты инвестиция тарту мен елдің халықаралық имиджін қолдау болуы мүмкін. Дегенмен бұл шығындардың нәтижесі әзірге күмәнді. Себебі қаңтардың соңында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы инвестициялар бойынша теріс көрсеткіштерді атап өтті.
– Өткен жылдың тоғыз айында тікелей шетелдік инвестиция көлемі 12,7 миллиард долларды құрап, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36%-ға азайған, – деді Тоқаев.
Болмайтын іске қыруар қаржы шығындау мәселесі әлі де өзекті. Үкімет шығыстарды қысқарттық дегенімен де, ол айтарлықтай нәтиже бермеді.
ІІМ-ГЕ ЖАҢА КЕШЕН НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қаржыландырылатын «бюджеттік инвестициялар» тізімі бар. Соның ішінде Астанада Ішкі істер министрлігіне (ІІМ) арналған әкімшілік ғимараттар кешенін салу қарастырылған.
2025 жылы жобаны әзірлеуге 20 млн теңге бөлу көзделген. 2026-2027 жылдары құрылысқа шамамен 75 млрд теңге жұмсау жоспарланған. Ал ІІМ-нің қазіргі ғимараты 2003 жылы пайдалануға берілген. Сондықтан ІІМ-ге жаңа кешен не үшін қажет деген орынды сұрақ туындайды. Мұнда тек екі ықтимал нұсқа бар (конспирологиялық теорияларды есептемегенде):
1. Министрліктің орталық аппараты соншалықты үлкейіп, кабинеттер жетіспейтін жағдайға жетті.
2. Ғимарат 20 жылда жарамсыз болып, оны есептен шығару қажет болды.
ІІМ ҒИМАРАТЫНЫҢ ТАРИХЫ
Айта кететін жайт, ІІМ ғимаратының тарихында бір қызықты дерек бар. 2001 жылы Астанадағы Манас көшесі, 4 мекенжайында ІІМ ғимаратын салуға 200 млн теңге бөлінген. Бірақ қазір ол жерде сауда орталығы тұр. Осыған байланысты бірнеше сұрақ туады: ІІМ-ге бөлінген 200 млн теңге қайда кетті? Неге Манас көшесіндегі орыннан бас тартты? Қазіргі ғимарат сол 200 млн теңгеге салынды ма, әлде басқа қаражат жұмсалды ма?
Бұл сұрақтарға жауап табу қиын, өйткені бұл – өткен уақыттың ісі. Ал қазіргі мәселе – бюджеттік шығындардың ашықтығының өзгеруі.
АЗ БІЛСЕҢ, КӨБІРЕК ӨМІР СҮРЕСІҢ ДЕГЕН РАС ПА?
Ең таңғаларлығы, «республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялар» тізімі президент қол қойған соңғы құжатта жоқ. Яғни, жобаның бастапқы нұсқасында нақты шығындар көрсетілсе, соңғы нұсқада министрліктер бойынша жалпылама шығындар ғана берілген.
Мысалы:
2024-2026 жылдарға арналған бюджеттік заңда әрбір нақты жоба көрсетілген. 2025-2027 жылдарға арналған құжатта мұндай нақтылық жоқ.
Бұл жүздеген миллиард теңге шығындалатынын көрсетеді, бірақ олардың нақты қайда кететінін түсіну қиын. ІІМ кешенінің құрылысы шынымен жүргізіле ме, жоқ па – бұл белгісіз.
Өйткені әлеуметтік маңызы бар жобалар да осы жоғалған тізімнің ішінде. Мысалы, Алматыда Ұлттық гвардия сарбаздарына арналған әскери қалашық салу жоспары да құмға сіңген судай болды. Бұл әскери қызметшілердің баспана мәселесін шешу үшін маңызды жоба еді.
Бұған қатысты бірнеше болжам жасауға болады. Біріншіден, халықтың, әсіресе журналистердің құлағын елеңдетіп, қоғамдық сұрақ туындатпау. Егер әкімшілік ғимараттарға қыруар қаржы бөлінгені белгілі болса, жұртшылық наразылық білдіруі мүмкін. Әсіресе, салыстырмалы түрде жақында салынған ғимараттар қайта жөнделіп немесе бұзылып жатса, халықтың сенімі жоғалады. Екіншіден, министрліктердің өз ішінде жасырын құжаттар болуы мүмкін. Қаражаттың толық есебі ішкі құжаттарда бар, бірақ олар жария етілмейді. Үшіншіден, қарапайым техникалық қателіктер кесірінен бұл құжаттар көрсетілмеу қалуы мүмкін. Егер бюджет шығындарының тізімі техникалық қателіктің кесірінен, яғни адами фактордың әсерінен өшірілсе, онда бұл мемлекеттік басқарудағы былықты көрсетеді.
ІІМ-ге жаңа кешен салу қаншалықты қажет? Бұл сұрақтың жауабы жоқ. Бюджет ашықтығы сөз жүзінде қала бермек пе? Бұл да белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық: 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттің күнгейінен көлеңкесінің көп болуы халықтың билікке деген сеніміне нұқсан келтіруі әбден мүмкін.