Кенесары хан қазақ армиясының символына айналуы керек - әскери сарапшы

Сымбат Сатыбалдина

Кенесары хан - қазақ армиясының символына айналуы керек. Бұл туралы әскери қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Эмин Джаббаров айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ulysmedia.kz коллажы

КЕНЕСАРЫНЫҢ БАРЛАУ ҚЫЗМЕТІ

Әскери маман қазақ хандығының соңғы ханы Кенесарының барлау қызметі қалай жұмыс істегенін айтты. 

- Кенесары ханның барлаушылары болған жоқ дегенге әскери маман ретінде сенбеймін. Ол қандай да бір ақпаратты жеткізу керек кезде нені қолданды? Қандай киіз үйде кездесті? Қандай да бір символы немесе бір ерекшелігі болды ма? Қандай құпиясөздерді қолданатын? Оның қоластындағы бөлімшелер қалай аталды? Қалай олармен хат алмасып отырды? Өзімізге керек символиканы неге сол кезден алмаймыз? Біздің тарих неге кеңес одағынан басталады? Соның бәрін көтеру керек”, дейді әскери сарапшы Dope Soz-ге берген сұхбатында. 

Ол Кенесары ханның тұсындағы мемлекеттік жұмыс туралы насихат жүргізілуі керегін айтты. 

- Бізде Кенесарының шайқастары туралы, оның қоластындағы бөлімшелері туралы 20-40 кітап бар деп елестетейік. Ол заманда әскер жинала салып, шайқасқан десеңіз онда сіз империалистсіз, демек біздің мемлекеттілігімізді жоққа шығарасыз. Мен оған сенбеймін. Ол кезде мемлекеттілік болды, шайқасып, қарсы тұрып, тоқтамай жұмыс істеген қарулы күштер болды. Оларда агенттік қызмет болғаны сөзсіз. Бір-біріне хабар жіберіп отыратын. Біздің тарих осы.

Сол туралы кітаптарды шығарып, оны көпке таныстырса, адам өзін үлкен “машинаның”, үлкен мемлекеттік аппараттың, алып халық армиясының бір мүшесі екенін сезеді. Бұл өте ауқымды жұмыс. Мұны тек әскери мамандар ғана емес, азаматтық университеттер, тарихшылар жүгізуі керек. Осы символикамыз, біздің фольклорымыз патриоттық пен тәрбиенің негізі болуы керек. Онсыз қиын болады, дейді Эмин Джаббаров.