Қырғызстан шетел студенттері саны бойынша Қазақстан мен Ресейден басып озды

Сымбат Сатыбалдина

Қырғызстан күтпеген жерден шетелдік студенттерді тарту бойынша әлемдік көшбасшы атанып, Қазақстан мен Ресейді басып озды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

85 МЫҢ СТУДЕНТ

2024-2025 оқу жылында Қырғызстан университеттерінде 85 мың шетелдік студент білім алып жатыр. Бұл Қазақстандағы көрсеткіштен бірнеше есе жоғары. Айта кетейік, Қазақстанда 28 458 шетелдік студент білім алып жатыр.

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ БІЛІМ ЖҮЙЕСІ

Erasmus халықаралық ұйымының мәліметіне сәйкес, 7,2 миллион халқы бар Қырғызстанда 78 жоғары оқу орны бар, оның 50-і – жеке меншік университет. Елдегі жалпы студенттер саны 221 мыңнан асады, ал әр 85 қырғызстандыққа 1 шетелдік студенттен келеді.

Салыстыру үшін:

  •  Қазақстанда әр 710 адамға 1 шетелдік студент келеді.
  • Ресейде бұл көрсеткіш – 411 адамға 1 шетелдік студент.
  • АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Аустралияда жүздеген мың шетелдік студент оқиды, бірақ халық санына шаққандағы көрсеткіш бойынша Қырғызстан көш бастап тұр.

Қырғызстанның бұрынғы сыртқы істер министрінің орынбасары, қазіргі Пәкістандағы елшісі Авазбек Атахановтың айтуынша, бұл тенденция жекеменшік жоғары білім беру секторындағы серпінді даму және білім беру жүйесінің жалпы либерализациясымен байланысты. Қырғызстан өз университеттерін шетелдік талапкерлерге белсенді жарнамалап жүр.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қазақстанда шетелдік студенттердің саны көбейіп келе жатқанына қарамастан, оқудан шығарылатындардың үлесі жоғары, әсіресе мемлекеттік грантпен оқитындар арасында. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша Қазақстанда тек 494 шетелдік студент диплом алды.