11 ақпанда кешкі уақытта Бішкектегі кардиохирургия ғылыми-зерттеу институтында өрт шықты. Құтқарушылар ғимараттан 260 науқас пен дәрігерді эвакуациялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АДАМ ШЫҒЫН
Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт салдарынан екі адам қаза тапты. Медициналық орталықтағы өрт жергілікті уақыт бойынша 22:33-те оқшауланып, 23:15-те толық сөндірілді.
НАУҚАСТАР
Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Еркін Чечейбаевтың айтуынша, кейбір науқастар операциядан кейін жансақтау бөлімінде жатқан. Өрт кезінде олардың барлығы ғимараттан шығарылып, басқа медициналық мекемелерге орналастырылды.
Жалпы 260 адам эвакуацияланды, олардың 216-сы – науқастар, 44-і – медициналық қызметкерлер.
Министрдің айтуынша, тоғыз адам, оның ішінде жеті бала басқа ауруханалардың жансақтау бөлімдеріне ауыстырылды. Олардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда. Өрт ғимараттың жертөлесінен шыққан, түтін желдету жүйесі арқылы бүкіл ауруханаға тараған.
БИЛІК РЕАКЦИЯСЫ
Өрттің себептерін анықтап, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру үшін ведомствоаралық комиссия құрылды. Қырғыз Республикасының министрлер кабинеті басшысы Адылбек Қасымалиев медициналық орталықтың жұмысын тез арада қалпына келтіру және пациенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.