Ертісбаевтің партиясы Қазақстанда «шетел агенті» ұғымын енгізгісі келеді

Сымбат Сатыбалдина

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаты Ирина Смирнова Қазақстанда "шетелдік агент" ұғымын енгізуді ұсынды. Үкіметке сауал жолдаған соң мәжіліс кулуарында ол "бұл фракциясы атынан бастама" екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ulysmedia.kz коллажы

USAID ҚЫЗМЕТІ

Смирнова өткен пленарлық отырыста өз фракциясының депутаттары USAID қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдағанын айтады.

Тұрғындарымыздың реакциясын қысқаша былай сипаттауға болады – отандастарымыз шет мемлекеттердің бөтен құндылықтарды таңуды, біздің қоғамды есеңгірететін әрі жастарымыздың санасын бұзатын дүниелерді сырттан әкелуге қарсы. Қазақстандықтар біреудің сыртқы «ойындарына» кепіл болғысы келмейді.

Жуырда бұл тақырып тағы жалғасын тапты. АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі америкалық салық төлеушілер қаржыландыратын «Радио Свобода» мен «Голос Америки» медиасын жабуды ұсынды. Оны Илон Маск бірден қолдады. Ол бұл БАҚ-тарды ешкімге қызықсыз, «радикалды солшыл ақылсыздыққа толы, өз-өздерімен ғана тілдесіп, жылына миллиард доллар жоқ қылатын» ұйымдар деп сипаттап отыр, дейді Смирнова. 

Депутат USAID мәселесіндегі сияқты, мұнда да өздері – яғни америкалықтардың өзі қаржыландырып отырған мемлекеттік медианың деструктивті сипатын мойындап отыр дейді. Олар оны «өткен дәуірдің қалдығы» деп атап, «соғыстан кейінгі кезеңнің идеологиялық күресі үшін құрылған құрал» ретінде бағалайды. Кез келген адам «Азаттықтың» (RFE/RL) сайтына кірсе, мұны анық көре алады. Жаңа мектептердің құрылысы, жол, түрлі реформалар немесе қазақстандықтардың қол жеткізген жетістіктеріне қатысты ешқандай ақпарат жоқ, тек сын мен негативті өршіту көрініп тұрады.

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР

Депуаттың сөзінше, жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанда шетелден қаржы алатын шамамен 200-ден астам үкіметтік емес ұйым бар екен.

Олардың 70 пайызы АҚШ-тан түрлі жолдар арқылы қаржыландырылған. Үкіметтің ресми деректеріне сүйенсек, елімізде 165 түрлі донор грант бөлумен айналысады. Соның ішінде 53-і – халықаралық ұйымдар, 31-і – шетелдік мемлекеттік құрылымдар, 81-і – шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар. Бұған қоса, елімізде тіркелмеген басқа да шетелдік құрылымдар мен елшіліктер отандық үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай, материалдық-техникалық көмек көрсетеді. Олар негізінен БАҚ пен сөз бостандығы саласындағы жобаларды, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту, либералды реформаларды ілгерілету, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті күшейту шараларын қолдап отыр, дейді депутат.

ШЕТЕЛДІК АГЕНТТЕР

Ирина Смирнованың сөзінше, Қазақстанда өзін жайлы сезініп жүрген шетелдік үкіметтік емес ұйымдар шын мәнінде өз «ойындарын» жүргізіп жатса, олардың ықпалы елге теріс әсерін тигізуі әбден мүмкін.

Ондаған жылдар бойы «көрінбейтін аймақта» жұмыс істеген бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін қайта қарап, саяси мүдделерді «медиалық қолдау», «құқық қорғау» немесе толеранттылықты күшейту сылтауымен жасырып отырған шетелдік донорлармен «ойын ережелерін» қайта жазатын кез жетті. Әлемде мұндай мәселелерге тап болған мемлекеттер «шетелдік агент» заңдарын қабылдау арқылы қарсы тұрып келеді. Мысалы, осындай заңдар Израильде – 2016 жылдан, Қытайда – 2017 жылдан, Австралияда – 2018 жылдан, Ұлыбританияда – 2023 жылдан, Францияда – 2024 жылдан бері күшінде. Шетелдік субъектілердің мүддесі үшін әрекет ететін тұлғаларға қатысты үлгілі заңдардың бірі – АҚШ-тың «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заңы, ол 1938 жылы қабылданған. Заң саяси белсенділік, ақпараттық қызмет, саяси консультация, қаржы жинау және тарату, шетелдік тапсырыс берушінің мүдделерін кез келген ведомство, мемлекеттік қызметшілер немесе Конгресс мүшелері алдында ұсыну сияқты салаларды қамтиды.

Сарапшылар АҚШ-та осы заң нормаларын жүзеге асыруда бай тәжірибе жинақталғанын айтады. Мысалы, қаржыландырудың ашықтығы, саяси және коммерциялық ықпалды айқын ажырату, лоббистер мен ықпал ету агенттерін қызметі басталғанға дейін мемлекеттік тіркеуге алу, ақпаратты (соның ішінде материалдарды белгілеу) міндетті түрде жариялау және тіркелген агенттер базасын жүргізу, заңды бұзғандарға жауапкершілік қарастыру сияқты шаралар бар, дейді Смирнова депутаттық сауалында.

Ол Қазақстан да осы тәжірибені қолдауы керегін айтады. 

Қазақстан да осы тәжірибені қолдап, ақпараттың түпкі көзін түсінуге мүмкіндік беретін, кез келген құрылымды нақты жіктейтін ұлттық заңнаманы жасау қажет деп санаймыз. Бұл ретте гуманитарлық және ғылыми ұйымдарға бірқатар ерекшелік енгізген жөн. Мұндай тәсіл ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік береді, әрі дені сау азаматтық қоғамның дамуына кедергі жасамайды, дейді Смирнова.