Астанада әскери шеру өткізуге 2,5 млрд теңге бөлінді

Сымбат Сатыбалдина

Қорғаныс министрлігі Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру өткізетінін мәлімдеді. Әскери парадқа 2,5 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖИ / ulysmedia.kz

АСТАНАДАҒЫ ПАРАД

Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті басшысының орынбасары Виталий Адамович 7 мамыр күні Астанада әскери шеру өтетінін мәлімдеді. Шеру Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ Елі» монументінің алдында өтеді және үш кезеңнен тұрады.

- Бірінші кезең – тарихи және заманауи бөлімдерден тұратын жаяу әскер саптарының шеруі. Екінші кезең – механикаландырылған колонналардың жүруі, ол да тарихи және заманауи бөлімдерден тұрады. Үшінші кезең – авиацияның әуеде шеруі, деді Адамович.

ПАРАДТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ

Биылғы шерудің ерекшелігі – Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери формада сап түзеу.

  • Қазақ жерінде құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары алғаш рет алаңнан алып өтіледі.
  • Музейде сақталған Жеңіс туының көшірмесі Т-34 танкінде көрсетіледі.
  • Қазақстан Қорғаныс министрлігінің арнайы парадтық бөлімі Мәскеуде өтетін парадқа қатысады, ал Минскіге бес адамнан тұратын ту тобы жіберіледі.

- Әскери парад өткізуге шамамен 2,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл шығындар жанармайға, қосалқы бөлшектерге, іссапарларға, әскерді тасымалдауға, әскери киім тігумен байланысты, деп толықтырды Адамович.