«Трамптың өкілі Путинмен жасырын кездесті» - АҚШ БАҚ-тары не дейді

Ілияс Бақыт

Дональд Трамп билікке қайта келгелі оның әр әрекетін жаһан жұрты жіті қадағалап отыр. Соңғы мәліметке сәйкес Трамптың арнаулы өкілі Ресей президенті Путинмен жасырын кездескен. Бұл туралық америкалық БАҚ өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

УИТКОФФ ПЕН ПУТИН КЕЗДЕСУІ

Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф 11 ақпанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы Fox News телеарнасының жүргізушісі Шон Хэннити мәлімдеді. The Washington Post газетінің хабарлауынша, кездесу 3,5 сағатқа созылған.

Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Ақ үй Уиткофф пен Путин арасындағы кездесудің болған-болмағанына қатысты сұрауға жауап бермеді.

ТРАМП КІММЕН КЕЗДЕСТІ?

Осыған қарамастан, Дональд Трамп Ақ үйде Ресей түрмесінен босатылған АҚШ азаматы Марк Фогельді қабылдады. Ол Стив Уиткоффпен бірге Мәскеуден Вашингтонға жеткізілді. Трамптың айтуынша, 12 ақпанда тағы бір америкалық азамат босатылады. Алайда ол бұл адамның кім екенін және қай елде отырғанын нақтыламады.

КРЕМЛЬ НЕ ДЕЙДІ?

Кремль Ресей мен АҚШ арасындағы тиісті ведомстволардың жұмысын жандандыру туралы мәлімдеді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, осы байланыстар нәтижесінде Марк Фогель және АҚШ түрмесінде қамауда болған бір ресейлік азамат босатылған.

"Мұндай келісімдер қатынастарды түбегейлі өзгертпесе де, өзара сенімді арттыруға бағытталған маңызды қадам", – деді Песков. Дегенмен, Мәскеу Уиткофф пен Путиннің кездесуі туралы ешқандай ресми ақпарат таратпады.

АҚШ ПЕН РЕСЕЙ КЕЛІССӨЗІ

The New York Times газетінің мәліметінше, Дональд Трамп Стив Уиткоффқа Ресеймен құпия келіссөздер жүргізуді тапсырған. Мәскеуге сапары алдында Уиткофф Владимир Путиннің жақын серіктестерімен тікелей келіссөздер жүргізіп, Украинадағы соғыс мәселесін Сауд Арабиясы мен Катар өкілдерімен талқылаған.

NYT-тың хабарлауынша, Трамп пен Уиткоффтың 1980-жылдардан бері достық қарым-қатынасы бар, және Трамп оның келіссөз жүргізу қабілетіне сенім артып, Украинадағы соғысты тоқтата алатынын айтқан. Дегенмен, АҚШ әкімшілігінің бұл мәселеге қатысты ресми ұстанымы әлі белгісіз.