Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында Ресей мен АҚШ жоғары лауазымды тұлғалары арасында тарихи ресми келіссөздер өтті. Бұл — Украинадағы соғыс басталғалы бері екі ел арасында болған алғашқы жоғары деңгейдегі кездесу. Келіссөздердің басты нәтижесі — дипломатиялық миссиялардың толыққанды жұмысын қайта жандандыру туралы уағдаластық болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КІМДЕР ҚАТЫСТЫ
Ресей делегациясын сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен президенттің халықаралық істер жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков бастап барды. Ал АҚШ тарапынан келіссөздерге мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолц және Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысты.
Қызықты жайт — Ресей тікелей келіссөздер барысында америкалық азамат Марк Фогелді босату мәселесін көтерді. Бірақ бұл тақырып Эр-Риядтағы келіссөз үстелінде емес, жеке кездесулер аясында талқыланғаны белгілі болды.
КЕЛІССӨЗДІҢ МАҚСАТЫ
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, бұл кездесудің негізгі мақсаты — Ресей-АҚШ қатынастарын толық қалпына келтіру және Украинадағы жағдайды реттеуге бағытталған келіссөздерді дайындау. Сондай-ақ, екі ел басшыларының алдағы кездесуін ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Алайда келіссөздерге Украина өкілдері шақырылмады. Вашингтон бұл мәселені келесі кезеңге қалдырғанын мәлімдеді. Бұған қарамастан, АҚШ президентінің Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог сол күні Киевке аттанды.
Украина президенті Владимир Зеленский Эр-Риядқа 19 ақпанда баруы керек еді, бірақ ол сапарын 10 наурызға шегерді. Зеленский Сауд Арабиясындағы Ресей-АҚШ келіссөздерінде Киевтің қатысуынсыз қабылданған кез келген шешімді мойындамайтынын ашық айтты.
ЖАҢА ФОРМАТ
Екі ел өкілдерінің кездесуі шамамен бес сағатқа созылды. Юрий Ушаковтың айтуынша, «келіссөз күрделі, бірақ нәтижелі» болды. АҚШ пен Ресей делегациялары Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде тікелей байланыстарды «уақыты келгенде» бастауға келісті. Дегенмен нақты мерзім айтылған жоқ.
Мемлекеттік хатшы Марко Рубио келіссөздер қорытындысы бойынша, Украинадағы қақтығысты аяқтау ұзақ әрі қиын дипломатиялық жұмысты талап ететінін атап өтті. Ол бұл процестің барлық тараптар үшін — Украина, Ресей және Еуропалық одақ елдері үшін «қабылдауға лайық» болуы керек екенін айтты.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс қос елдің дипломатиялық миссияларын қалыпты режимге қайтару туралы нақты келісім жасалғанын хабарлады. Сонымен қатар, Ресей мен АҚШ экономикалық ынтымақтастықты қалпына келтіруге және ортақ геосаяси мүдделер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
ҚҰПИЯ ЖОСПАР МА
Fox News телеарнасының дереккөздері Ресей мен АҚШ Украинаны үш кезеңмен бейбітшілікке жеткізу жоспарын талқылап жатқанын хабарлады:
Бұл жоспардың жүзеге асуы Украинаның ішкі саяси жағдайына тікелей байланысты екені айтылды.
ЕУРОПА МЕН КИЕВ
Еуропалық басылымдар бұл келіссөздер процесін «Путиннің дипломатиялық жеңісі» деп бағалауда. Брюссель мен Киев алаңдап отырған басты нәрсе — Ресей мен АҚШ келісімдерінде олардың мүдделері ескерілмеуі мүмкін. Осыған байланысты Парижде еуропалық елдер шұғыл саммит өткізді, бірақ нақты шешімдер туралы ақпарат берілмеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ресей мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейлі келіссөздер Джо Байден әкімшілігі кезінде мүмкін емес болып көрінген еді. Алайда Дональд Трамптың Ақ үйге оралуынан кейін небәрі бір ай өтпей жатып, екі держава өкілдері ортақ үстел басында қайта бас қосты.