Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов композитор Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты жаңа деректерді айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Депутат әуелі Шерзаттың өліміне қатысты пікір білдіріп, оны саясиландыру мақсатында блогерлер әдейі шулатып жатқанын айтты.
Блогерлердің шулауының мақсаты — үкіметте дүмпу тудыру. Қоғамды дауысы қатты шығатын және айтқан сөзі өтетін адамдарды соған тартқысы келді. Бізде, қоғамда мен айтып жатырмын, сен неге үндемей отырсың деген әңгіме бар, дейді депутат Qazaq Airan-ға берген сұхбатында.
Зайытов Арман Дүйсеновтің ұлының өлімінде саяси астар жоқ болғандықтан қызу талқыланбағанын айтады.
Тергеу материалдарымен түгел таныс емеспін. Бірақ бірінші келген тексеру актісін оқып шықтым. Ол жерде “асылған адамның екі қолы байлаулы” деп анық жазылған. Журналистер неге оны зерттемейді, неге шуламайды? Себебі бұл жайттан ешкім саясат жасап жатқан жоқ, – дейді Зайытов.
ҚАЗА
Еске салайық, марқұм Арман Дүйсеновтің ұлы былтыр 8 қазанда қайтыс болды.
Бұл туралы тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы мәлім етті.
Соңғы болған оқиғаларды естіп, жүректен жүрек қалмады. Көңілім құлазып отыр. Бүгін тіпті Арман Дүйсеновтің ұлы қайтыс болды деген хабарды естіп, отбасына қайғыра көңіл айтамын! Бекем болыңыздар. Алла бәріне ғұмыр сыйласын. Қазақта "аталатсаң да, боталатпа" дейді. Анасына өте ауыр. Бекем болыңыз! Осы Кеңсай зиратында Қайрекең мен Арман Дүйсенов қатар жатыр. Ол кісі екеуіне құран бағыштадық деп фото, видео жіберіп тұрады. Рақмет, сізге! – деді журналист инстаграм желісіндегі стористе.
Өнер иесінің ұлы неден көз жұмғаны хабарланған жоқ.
АРМАН ДҮЙСЕНОВ
2023 жылғы 24 қаңтарда 47 жасында қайтыс болған. Ол эстрададағы белді композиторлардың бірі болған. Өнер саласының әлемдік классикалық музыка, фольклорлық этнография, эстрадалық музыка бағыттары бойынша кәсіби білім алған.