Көрпеге қарай көсілу ме: «Самұрық Қазына» қызметкерлеріне арналған шараға 100 млн жұмсаған ба

Сымбат Сатыбалдина

Өткен демалыс күндері Астанада "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының қызметкерлеріне арналған биылғы алғашқы қысқы спартакиада өтті. Спартакиаданы өткізуге 100 миллион теңге жұмсалды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

sk.kz

КІМДЕР ҚАТЫСТЫ

Қордың сайтында “ҚазМұнайГаз”, Samruk United, “ҚТЖ” ҰҚ” АҚ”, “Қазатомпром”, “Қазақтелеком” және “Самғау” қызметкерлері қатысқан спорттық шаралар туралы ақпарат пайда болды. 

- Спорттық шараға копаниялар тобының 400-ден аса қызметкері қатысқан. Екі күнде хоккейден жарыс өтіп, ал жексенбі күні ерлер мен әйелдер арасында шаңғы жарысы өтті, делінген жазбада. 

Журналист Козачковтың деректері бойынша, спартакиаданы өткізуге 80-100 миллион теңге аралығында ақша жұмсалған. 

- Мен бұл ақша нақты ма, жоқ па, айта алмаймын, өйткені СҚ-ның мемлекеттік сатып алуы өте күрделі және нақты партия мен нақты цифрды табу қиын. Қалай болғанда да, салық төлеушілердің ақшасы ұлттық компаниялардың қызметкерлерінің көңіл көтеруіне жұмсалды, деп жазады Михаил Козачков.

ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ

Еске салайық, президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет шығындарына қатысты пікір білдірген болатын. 

- Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет, деген еді Тоқаев.