Трамп АҚШ-қа бай шетелдіктерді тартудың жолын тапты

Сымбат Сатыбалдина

АҚШ дәулетті шетелдіктерге елде тұруға, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін және Америка азаматтығын алуға жол ашатын "алтын карта" бере бастайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

pixabay.com

ТРАМП НЕ ДЕДІ

Мұндай мәлімдемені ел президенті Дональд Трамп журналистермен кездесуінде айтты. Оның сөзінше, “алтын картаны” шамамен 5 млн долларға сатып алуға болады. 

- Алтын картаны сататын боламыз. Грин-карта бөлек, алтын карта бөлек. Бұл картаның бастапқы құны 5 млн доллар деп белгіліп отырмыз. Карта грин-картадағы мүмкіндіктерді береді және осы карта арқылы азаматтық алуға жол ашылады. Осы картаны сатып алып, дәулетті адамдар біздің елімізге көптеп келетін болады, дейді Трамп. 

ВИЗАНЫҢ ОРНЫНА

АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютниктің сөзінше, “алтын картаны” EB-5 иммиграциялық визасының орнына да қолдануға болады. Трамптың сөзінше, картаны екі аптадан кейін сатып ала бастауға болады. Ол шамамен миллион карта сатылады деп болжап отыр. 

- Құқықтық тұрғыда бұл заңды дүние, дейді Трамп. 

Сонымен қатар, Дональд Трамп бұл картаны ресейлік олигархтар сатып ала ала ма деген сұраққа жауап берді. 

- Иә, сатып алуы мүмкін. Мен өте мейірімді бірнеше ресейлік олигархты білемін, дейді Трамп.