ҰБТ басталды: талапкерлер қай мамандықтарды көп таңдап жатыр

Сырым Қаржас

Бүгін, наурыз айына белгіленген ҰБТ басталды. Тест тапсыруға 163 мыңға жуық адам өтініш берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҰТО

ТОЛЫҒЫРАҚ

Білім сынағына қатысатындардың 76 пайызы қазақ тілін, 23,9 пайызы орыс тілін таңдаса, 162 адам ағылшын тілін қолай көрген.

Тестілеудің алғашқы күні, 1 наурызда республика бойынша 775 адам сынақтан өтті.

Талапкерлердің 17,5 пайызы медицина, педагогика және ауыл шаруашылығы мамандықтарына түсуді көздесе, 17,1 пайызы математика-физика, 10,5 пайызы математика-информатика пәндерін таңдаған. Яғни, болашақта инженерлер мен  IT мамандары болғысы келген.

ЕҢ ЖОҒАРЫ БАЛ ҚАНША?

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгерген жоқ, үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан 20 тапсырма, оқу сауаттылығынан 10 тапсырма, математикалық сауаттылықтан 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты – 4 сағат. Ерекше қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі.

Еске салайық, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, былтырғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы болып саналмайтын ұлты қазақ азаматтар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін  қатысады. ҰБТ 6 сәуірге дейін жалғасады.