Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне күтпеген жаңалықты жеткізді

Сымбат Сатыбалдина

Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне күтпеген жаңалықты жеткізді. Ол әлемге танымал композитор Уолтер Афанасьевпен бірлесіп жұмыс істегенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

МӘН-ЖАЙ

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген екі дүркін Грэмми сыйлығын алған, әлемге әйгілі композитор Уолтер Афанасьевпен бірлесіп істеген алғашқы туындысын жария етті. 

- Сіздерге “Love’s Not Over Yet” атты жаңа бейнебаянымның тизерін ұсынамын. Біздің тарихымыз қалай құрылады деп ойлайсыздар?, деп жазды Димаш парақшасында. 

“Love’s Not Over Yet” атты туындыны 7 наурызда барлық платформадан тыңдауға болады.  

КОМПОЗИТОР ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Уолтер Афанасьев — америкалық композитор және музыкалық продюсер, екі мәрте «Грэмми» сыйлығының иегері. 1958 жылы 10 ақпанда Бразилияның Сан-Паулу қаласында орыс эмигранттарының отбасында дүниеге келген. Әкесі Никита Георгиевич Афанасьев Санкт-Петербургте туған, ал анасы Татьяна Харбиннен Оңтүстік Америкаға қоныс аударған. Уолтер бес жасында отбасымен бірге АҚШ-тың Сан-Франциско қаласына көшіп, бала кезінен музыкамен айналысқан. 

Өзінің мансабында Афанасьев көптеген әлемге әйгілі әртістермен жұмыс істеді, олардың қатарында Уитни Хьюстон, Арета Франклин, Джордж Бенсон, Барбра Стрейзанд және Лайонел Ричи бар. Алайда оның ең танымал және ұзақ мерзімді ынтымақтастығы Мэрайя Кэримен болды. Ол Кэридің алғашқы альбомынан бастап продюсер және композитор ретінде жұмыс істеп, «Hero» сияқты хиттердің авторы атанды.