Грант 2022 жылдан бастап бөлінеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Қазіргі уақытта үкіметтік келісімдер шеңберінде қандастарды тарту туралы Қазақстан тарапы 13 елмен үкіметтік келісімдер жасады. Үкіметтік келісімдер аясында Ауғанстан, ҚХР, Моңғолия, Тәжікстан азаматтары үшін дайындық бөлімдерінде қандастарды оқыту қарастырылған.
«Қазақстан тарапы «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Инженерлік ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Педагогикалық ғылымдар», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Әлеуметтік ғылымдар», «Бизнес, басқару және құқық» даярлау бағыттары бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламаларына 2022 жылдан бастап Қырғыз Республикасының азаматтары болып табылатын ұлты қазақ адамдар үшін 20 білім грантын бөлу жөнінде шаралар қабылдады», - деп жауап берді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов депутаттардың сауалына.
Жалпы 2019 жылы Орталық Азия елдерінің шетелдік азаматтарына, оның ішінде Қазақстан азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылған. Стипендиялық бағдарлама бойынша қандастар тек бакалавриатқа ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына да әңгімелесу нәтижелері бойынша түсе алады.
2021 жылы стипендиялық бағдарлама бойынша 132 қандас қабылданған. Оның ішінде бакалариатқа – 100, магистратураға – 22, докторантураға – 10 адам. Сондай-ақ, үш жыл ішінде академиялық ұтқырлық аясында Франция, Литва, Ресей Федерациясы, Қырғызстаннан 33 қандас қабылданды.